Ана мен баланы ажалдан құтқарды

819

0

Ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндірушілердің қызметі. Олар күн сайын өз өмірін тәуекелге тігіп, тілсіз жаумен алысады. Солардың қатарында – Қызылорда қаласы №7 өрт сөндіру бөлімінің мамандары да бар.

Бөлім жігіттерінің ерлігі жетерлік. Мәселен, 30 сәуір күні сағат 18-ден 27 минут кеткенде «Қызылорда қаласы Сүлейменов көшесінде орналасқан көпқабатты үйден өрт шықты» деген хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер тұрғын үйдің үшінші қабаттағы түтін басқан пәтерінен анасы мен екі жасөспірім баласын құтқарып, қып-қызыл жалын ішінен аман алып шыққан.

Бөлім бастығы, азаматтық қорғау капитаны Нұрлан Байкенжеев оқиға орнына жігіттерді бастап барған. Ал үш адамды құтқарған аға өрт сөндіруші, азаматтық қорғау сержанты Нұрбол Ибрашов пен өрт сөндіруші, азаматтық қорғау кіші сержанты Бердібек Майлыбаевқа тілсіз жаудан аман қалған ана мен баланың алғысы шексіз.

– Бүгінгі жастардың осындай ерлікке, батылдыққа барғанына, жігерлі болғанына біз мақтанамыз. Б.Момышұлы атамыз айтқандай: «Ешкім де іштей батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады». Ұжымның жігіттері жерлестерін ажалдан арашалап, қауіп пен қатерден қорғауда аянбай еңбек ете беретін болады, – деді Н.Байкенжеев.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<