Халықаралық әйелдер мерекесіне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде Алматы облысы музейлер бірлестігінің «Анаға құрмет» музейі қорынан ұйымдастырылған «Аналардың аманаты» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Мерекелік шараға ақ жаулықты аналар, ардагерлер, арнайы шақырылған қонақтар, өнер иелері, БАҚ өкілдері қатысты.
Ұлы дала тарихындағы дана аналарды, батыр қыздарды, бүгінгі бейбіт өмірде ерен еңбегімен ерекшеленген асыл жандарды ұлықтау, олардың биік болмысын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауға бағытталған іс-шара жоғары деңгейде өтті.
Көрмені облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов ашып, әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, «Аналардың аманаты» көрмесінің рухани-танымдық маңызына тоқталып өтті. Алматы облысы музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келімбетов Сыр елінің терең тарихына құрметін білдіріп, екі өңір арасындағы ынтымақтас іс-шаралардың әлі де жалғасатынын айтты. Сонымен қатар жиында ардагер-ұстаз, «Құрмет» ордені, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Айсара Нәлібаеваға және 70 жасқа толып отырған облыстың мәдениет саласы ардагерлері кеңесінің төрайымы Гүлнар Ибрагимоваға сый-құрмет көрсетілді.
Білім саласының ардагері, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Айсара Нәлібаева Алматыдан арнайы келген «Аналардың аманаты» көрмесінің жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор екенін айта келіп, музей ұжымына алғысын білдірді. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сыр өңірінің тумасы Ш.Сариевтің інісі Жанысбай Сариев аналарға тағзым ету айрықша ізгіліктің көрінісі екенін атап өтті.
Көрмеге ел мақтанышына, ұлтымыздың ұлы тұлғаларына айналған А.Әшімов, Д.Досжан, Ш.Сариев, Б.Сапарбаев, А.Шпекбаев, С.Тоқпақбаев, Ж.Үшкемпіров, Н.Шайкеновтей біртуар азаматтардың аналары мен С.Жұмабекова, К.Дөненбаева, Ә.Өмірзақова, С.Айтбаева сынды қазақтың еңбек майталмандары мен ел мақтанышына айналған өнер иелерінің портреттері, ұстап-тұтқан заттары қойылған.
Музейге келушілер ерекше әсер алғанын айтып, өзара ой-пікір бөлісті.
Ғазиза ӘБІЛДА.
«Сыр бойы»





