«Аңсаған сәби»: армандар орындалады

871

0

Қаңтардың аяғында аймақта  «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша  алғашқы сәби дүниеге келгенін айтып, сүйіншілеген болатынбыз.  Ата-анасы 4 жыл  нәтижесіз емделуден кейін жасанды ұрықтандыруға жүгінген. 36 жастағы Жанна Сариева былтыр наурыз айында барлық қажетті құжаттарды жинап, ЭКҰ  жасату үшін Алматыдағы клиниканы таңдаған. Нәтижесінде күткен үміт, жасалған еңбек оң болып, атұстар өмірге келді. Ол медицинаның мүмкіндігіне, технологияның дамығанына дән риза.

Жалпы экстракорпоральды ұрықтандыру  (латын тілінен extra – сырттан тыс және лат. corpus – дене, яғни, денеден тыс ұрықтану) – бедеулік кезінде тиімді әрі  жиі пайдаланылатын қосалқы репродуктивті технология әдісі. Қазақстанда алғаш рет экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы өмірге келген сәбидің есімі – Юлия. Биыл жиырма алты жасқа толады. Оны өмірге әкелуге себепкер болған репродуктолог-дәрігер Cалтанат Байқошқарова. Сәби сүюге зар болып жүрген   кез келген ерлі-зайыпты  барлық қиындықты еңсеруге тырысады. Ал ЭКҰ жасатуға келгенде олар тіпті психологиялық, моральдық күйзеліске түсетіні анық. Оны жеңіп, бір шешімге келгеннен кейінгі кедергі – әрине, ақша мәселесі. Ер мен әйелдің емделу процесінен бастап, бала сүюге дейінгі аралықта 800 мың – 1,2 млн теңгеге дейін шығын шығатынын айтады дәрігерлер. Кейде тіпті жұмсалатын қаржы көлемі 1,5 млн теңгеден де асып кетеді екен. Қарапайым отбасылар үшін бұл ақшаны жинау оңай емес. Сол себепті мемлекеттен жыл сайын арнайы квота бөлінеді. 2019 жылы республика бойынша бөлінген квота саны небәрі – 900, 2018 жылы да осы шамалас болған. Ал оған дейін бөлінген квота саны бұдан да аз. Квота санының аз болуынан  қаншама отбасы жылдап кезек күтуіне тура келді.

Осыны ескерген Мемлекет басшысы 2021 жылы елімізде «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды тапсырды.  Осының негізінде бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін артты. Осылайша қосалқы репродуктивті технологиялар көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу бағытындағы бұл бағдарлама перзент сүю бақыты бұйырмай жүрген талай ерлі-зайыптының үмітін жалғап, аңсаған арманының орындалуына сеп болуда.

Біздің елімізде 2010 жылдан бастап ғана жасанды жолмен ұрықтандыруға квота бөліне бастағаны белгілі. Облыс бойынша 2015 жылы – 34, 2016 жылы – 35, 2017-2018 жылдары – 38-ден, 2019 жылы – 36, 2020 жылы – 44 квота берілген. Тек былтыр «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша аймаққа 281 квота бөлініп, игерілген. 

– 2020 жылы 44 квота бөлінсе, былтыр 281 беріліп,  барлығы  игерілді.  Оның ішінде 163-інде жүктілік жағдайы тіркеліп, оның 62-сі түсікпен аяқталса, қалған 56-сы стимуляция сатысында. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, репродуктивті технологияны қолдану арқылы жүргізілген шаралар нәтижесінде әйелдердің 45-60 проценті ғана бала көтереді. Сондықтан бұл – өте күрделі процесс. Биылға 277 квота бөлінді. 703 отбасы кезекте тұр. Кейбір әйелдер 2014 жылдан бастап күтуде, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі бөлімінің маманы Мира Мырзаханова.

Облыста ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер саны – 178982. Қазіргі кезде 6320 бедеу отбасы бар. Оның ішінде бедеу әйелдер саны 3819-ды құраса,  ер адам – 2501.

«Адамның бір қызығы бала деген» деп ұлы Абай атамыз айтпақшы, шаңырақты шаттыққа бөлеп, көзқуанышымыз болар сәбилер дүниеге келіп, ұрпақ жалғасқанға не жетсін!

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»