Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылғаны баршаға мәлім. Бағдарламаның мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу. Осы орайда «Экстракорпоральды ұрықтандыру» бағдарламасымен биыл квота саны 7 мыңға дейін көбейтілді. Біздің облысқа оның 281-і бөлінді.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі бөлімінің маманы Мира Мырзаханова мәлімдеді.
«Бала сүйе алмау – медициналық қана емес, әлеуметтік мәселелердің бірі. «Экстракорпоральды ұрықтандыру» бағдарламасы бойынша биыл облысқа 281 квота бөлініп, осы күнге дейін 164 отбасы порталға салынды, ЭКО орталықтарына жолданды. Бұл жоспардың 56 процентін құрап отыр, оның ішінде жүктілік – 108 жағдайда тіркеліп (65%), оның 17-сі түсікпен (10%) аяқталған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, репродуктивті технологияны қолдану арқылы жүргізілген шаралар нәтижесінде 45-60% жағдайда әйелдер бала көтереді», – дейді маман.
Бұл ем-шара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге репродуктивті жасы 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебелері, жеткілікті овариалды резерві сәйкес келуі қажет.
«СБ» ақпарат





