Катардағы бұл Әлем чемпионаты тосынсыйға толы болды. Бұлай дейтініміз, «сен тұр, мен атайын» деген командалар жарыс жолынан шығып қалса, көштің соңында қалады деген ұжымдар ешкімге дес бермей келеді. Жалпы, ширек финал қызықты өтті.
Осы чемпионат басталарда фаворит саналған Франция құрамасы Англиядан айласын асырып, жартылай финалға жолдама алды. Матчтың 17-минутында алғашқы голды биыл жазғы трансферлік ауысымда «Реал Мадрид» командасына ауысқан жартылай қорғаушы Аурельен Чуамени салды. Екінші таймда британиялықтар айып добын орындау құқығына ие болып, шабуылшы Харри Кейн мүмкіндігін мүлт жібермей, таразы басын теңестірді. Ол үшін бұл гол ұлттық құрама мансабындағы 53-гол болды. Осы голдан соң француздар ашуға мініп, қос қапталдан бірнеше мәрте жойқын шабуылдар ұйымдастырды. Жеңісті француздарға кақпа алдындағы қарбалас сәтті ұтымды пайдаланған құраманың тарихындағы ең үздік бомбардир – шабуылшы Оливье Жирудің соққысы әкелді.
Бірақ бұдан кейін де ағылшындар матчты қосымша уақытқа ауыстыру мүмкіндігіне ие болды. Өйткені, кездесудің бас төрешісі «Var» жүйесін қараған соң Киллиан Мбаппенің құрамасына қарсы екінші пенальти белгіледі. Алайда бұл жолы Кейн қобалжыды ма, допты қақпа маңдайшасынан асырып жіберді. Енді Дидье Дешамның шәкірттері Марокко командасымен кездеседі.
Ширек финалда ең аянышты жағдай орын алды. Үшінші кездесуде Марокко және Португалия құрамалары бақ сынасты. Биылғы мундиальда марокколықтар жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Топтық кезеңнен шықпайды-ау деп болжаған африкалық құрама 1/8 финалдан сүрінбей өтіп, ширек финалға жетті. Міне, сол себепті еуропалық ұжымға аталған кездесудің оңайға соқпайтыны анық еді. Солай болды да.
Ойын әуелгіде Португалияның басымдығымен басталды. Ә дегеннен тізгінді өз қолына алған олар тәуір пас, жақсы комбинациялық шабуылдар ұйымдастырды. Әуелгі қарқынды басқысы келді ме, әйтеуір, Хакими бастаған жігіттер көбіне қорғаныста жүріп, тек қарымта шабуылдармен шектелді. Алайда қарсыласқа көп қауіп төндіретін Португалия командасының капитаны Криштиану Роналду ойынды негізгі құрамда емес, қосалқы құрамда бастады. Осы мүмкіндікті пайдаланған марокколықтар бір гол соғып үлгерді. Юссеф Эн-Несири 42-минутта әріптесі Яхья Аттийяттың әуелете берген пасын голға айналдырды.
Бұған дейін Швейцария құрамасына хет-трик жасаған, бас бапкер Сантуш сенім білдірген шабуылшы Гонсалу Рамуш ойынға өзгеріс енгізе алмады. Тек ағылшындық «Манчестер Юнайтед» командасында жасындай жарқылдап жүрген португалиялық Бруну Фернандеш таразы басын теңестіруге мүмкіндік алды. Алайда, оның тепкен добы қақпа бағанынан кері серпілді. Осылайша Марокко Португалияны 1:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға өтті.
Матч аяқталған соң Криштиану Роналду көзіне жас алып, көңілі түскен күйінде алаңнан кетті. Өйткені бұл оның ең соңғы Әлем чемпионаты еді. Бұл күйді осыдан бір күн бұрын Бразилия мен Хорватия матчында көрген болатынбыз. Онда бразилиялықтар ширек финалдан өте алмай, Неймар көз жасына ерік берген еді. Айта кетейік, бұған дейін Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасы пенальти сериясында Недерланды құрамасынан басым түсіп, келесі кезеңге аяқ басқан болатын.
А.БЕРДІБАЙҰЛЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<