Антыма адал қызмет етіп келемін – қызылордалық полиция майоры

328

0

Фото автордан

Қызылордалық Гүлназ Сарбасова Қызылорда қалалық полиция басқармасы Жедел басқару орталығының аға инспекторы болып қызмет етеді. Қашанда жауапты салада еңбекқорлығымен көзге түсіп, әріптестері арасында зор қошеметке ие болып отыр. Мерейлі мереке қарсаңында полиция майоры Гүлназ Темірбекқызын әңгімеге тартып, қазіргі қызметі жайында сұраған едік. 

– Отбасында сіздің полиция боламын деген мақсатыңызға ата-анаңыз қалай қарады?

– Балалық шағымнан ішкі істер органында қызмет етуді алға мақсат етіп қойдым. Сол арманымның жетегінде жүріп, осы саланың ыстығы мен суығына төземін деген ниет таныттым. Алғашқыда бұл арманыма әкем Темірбек қарсылық білдірді. Әрине, қиындығы мол қызмет қыз балаға қол емес деп ойлаған болуы керек. Ауыр әрі күрделі салада жұмыс істеу кім үшін де оңайға соқпасы анық. Алайда мен өз мақсатымның дұрыс екеніне көз жеткіздім. Әкем одан кейін батасын беріп, жұмысыма сәттілік тіледі. Арманына жету үшін мектепті жақсы бағамен бітірдім. Жоғары оқу орнына қабылдандым. Осы мақсатта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алдым. Жоғары білікті маман атандым. Алдыма қойған мақсатыма осылайша қол жеткіздім. 

– Еңбек жолын қай жерде бастадыңыз? Полиция болу қиынға соққан жоқ па?

– Еңбек жолымды Жедел басқару орталығының инспекторы болып бастадым. Қазір қала көлемінде орналасқан бейнебақылау камерасы арқылы құқық бұзушылық пен қылмысты анықтап, дер кезінде ауыздықталуына себепші болып жүрміз. Осы жылдар ішінде ішкі істер саласының бірнеше баспалдағымен жоғары көтеріліп, антыма адал еңбек етіп келемін. Еңбегім де елеусіз қалған емес. Мен үшін бұл мәртебе ғана емес, өте үлкен жауапкершілік екенін іштей түсінемін және оған сай болуға қолымнан келгенше тырысамын.

– Қызмет еткен жылдарда әкеңіз ақыл-кеңесін айтты ма? Ол кісі қандай қасиеттерді бағалауды үйретті? 

– «Қыз бала әкеге жақын келеді» дейді ғой. Марқұм әкемнің әр сөзі мен үшін қағазға жазылған заңдай бағалы. Әкем мені тәртіпке, жауапкершілікке, бастаған істі аяғына дейін жеткізуге, досқа адал болуға үйретті. Алғашында қыз баласы үшін ауыр саналатын бұл салада жұмыс істеуіме қарсылық білдірді. Бойымдағы қайсарлықты, алған бетімнен қайтпайтын табандылықты, жігерлілікті байқаған болу керек, батасын беріп, осы салаға өзі әкелді десем болады. Қазіргі таңда, ішкі істер саласында жүргеніме 17 жылдай уақыт болды.

Отбасында анам екеуі екі ұл, бір қызын тәрбиелеп өсірді. Әкем де, анам да бұл салада қызмет еткен емес. Әкем Темірбек Төлебайұлы Сарбасов Арал қаласында дүниеге келіп, зейнеткер жасына дейін сол жақтағы зауытта жұмыс істеген. Ал, анам Досшимова Алтынай саналы ғұмырын бала тәрбиелеу ісіне арнап, балабақшада еңбек етті. Қазіргі таңда бейнеттің зейнетін көріп отыр. 

– Қазір өзіңіз де бір шаңырақтың түтінін түтетіп отыр екенсіз. Отбасылық өмірде қандай жансыз?

– Отбасында ибалы келін, аяулы анамын. Жолдасым екеуіміз екі қыз тәрбиелеп отырмыз. «Әйелдің қырық жаны бар» дейді ғой. Жұмыстың ауыртпалығын көтере жүріп, үй тіршілігімен айналысуға уақыт табамын. Балалардың тәрбиесі мен оқуын қадағалаймын. Ата-ененің бабын таба білу де қажет. Құдайға шүкір, бір өсіп-өнген әулеттің келінімін. Ата-енеммен бірге тұрамын. Осылай жұмыста абыройлы болып жүргеніміз осы кісілердің қолдауының нәтижесі. Себебі әр бастамама қолдау білдіріп, мен жұмыста жүрсем, балаларыма қарайлап, қажеттіліктерін реттеп отырады. Содан болар, екі қызым да атасы мен әжесінің балалары. Жұмыстан тыс уақытта қолым босай қалса, күнімді соларға арнап, тәттілерімді пісіріп, бабын жасауға тырысамын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Автор: Әділжан ҮМБЕТ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<