Қазекем ит-құс деп атын атай бермейтін бөжек бұ күндері сыр бойының қыры мен сырын түгел жайлағандай. «Ойбүй, несін айтасың, ана жерде баспақты тартып кетіпті, мына жерде бес-алты қойды тамақтап кетіпті, жылқыға да шауыпты» деген соңы үрейге толы сыбыстар әйтеуір үзілмейді. Ызаланған қарулы жігіттер мылтығын сайланып шыққанымен қасқырыңыз көзге шалынбай күйдіреді. Олардың санын азайтудың бір амалы қақпан құру екен. Осыдан біраз жыл бұрын жөн білетін ересектер Қарақалпақ жақтан бір қақпаншы кісіні қолқалап әкеліп, ізге салғаны бар. Төбесінде көзі бар адам екен қақпан құрып, төрт күнде төрт қасқырды ұстады. Азуы алты құлаш көкжалды ауыл адамдары алыстан тамашалағанмен жанына жуый алмағаны да сол кез. Сонда қарт малшы Мырзан: «Кәрілігің жылдан-жылға еңсені төмен артып барады, бұрынғыдай бұ жыртқышыңның соңына түсе алмаймын-ау, жастар болмаса», деп бысын шайқап отырып алған-ды. Аузына құдай салғаны шығар, қолындағы кежесі Рүстем соңғы екі-үш жыл көлемінде жыртқыштарға қақпан құрып, айла-тәсілі мен өжеттігі жөнсіз ит-құсыңның талайын ауыздықтап жүр. (Қақпанға түскен қасқырдың аузына кергіш салып байлап қояды, соны ауыздықтады деп отырмыз. Н. Е.)
Осы аптаның басында Қандөзге жолымыз түскен. Інім Сырманның үйіне бас сұғып, шайға қол соза бергеніміз сол, амандаса келген біреудің: «Рүстем қасқыр ұстапты, жаңа ауылға алып келді» дегені. Әуелгіде қалжыңдап отыр ма деп қалғаным. Өйткені, өткен жылы күзде де дәл осындай жағдай кезіккен-ді. Сонда да доғдыр Әшекеңнің ауласына матасекілін салдыратып қақпаншымыз жетіп келген-ді. Тірі қасқырды салақтатып артып алған. Бұ жолы да анық солай болыпты. Қалта телефонына «әлеу» дегенімізше, өзі де келді.
–Сумағар каналы жағындағы Тынысбек көлінен Қашқанкөлге тақау жерден жыртқыштың ізін байқап, алдыңкүні қақпан салып кеткенмін. Таңертең барсам, сүйреткісінің ізі сайрап жатыр. Сирағын қысқан болуы керек қанын әр жерге тамшылатып қалың қамысқа қарай тартыпты. Жолдағы жыңғылдарды жапыра қашқанына қарағанда нағыз арланның өзі болар деп топшылағанмын. Ойлағаным айдай келді. Қақпанмен алыса-алыса шаршаған болуы керек, қалыңның арасында солығын басып жатыр екен. Жанымдағы Кенже Байарыстанов қарулы жігіт қой, жыңғыл томарды оңтайлап барып, дәл тұмсықтан соқты. Есінен танған сәтте аузына кергіш салып, аяғын байлап алдық. Міне!– дейді қақпаншы Рүстем. Ауылдастарының айтуынша, бұл жергілікті қақпаншы Кежесариевтің былтырдан бергі ұстаған тоғызыншы жыртқышы көрінеді.
–Жан-жануарға залалын тигізген жыртқыштан қорғанғанның айыбы жоқ,–деген ауыл молдасы Әбсадық та жас жігітке батасын беріп жатты. Мынау сол қақпанға түскен қасқырдың тұрпаты. Амалсыз момақан болып жатыр, қайтсін-ай, дүние алма-кезек деген осы!
Н. Назымханұлы,
Жаңақорған ауданы,
Қандөз ауылы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<