Апат құрбандарын еске алды

817

0

Облыс орталығындағы «Тағзым» алаңында Чернобыльдегі радиациялық апат зардабынан қаза тапқандарды еске алу шарасы өтті.

1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль атом электр станциясында жарылыс болып, радиациясы көрші мемлекеттерге тарап, апат күллі адамзаттың қасіретіне айналды. Радиоактивті түтін салдарынан 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жері ластанды, кем дегенде 5 миллионға жуық халық залалын тартты.

Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан мыңдаған отандасымыз ерлігі мен жігерінің арқасында радиацияның әрі қарай таралуына тосқауыл болды.

̶  Әлемді дүр сілкіндірген апатқа 36 жыл толып отыр. Зардап шеккен аймақтарды залалсыздандыру үшін 10 мыңға жуық отандасымыз аттанды. Оның ішінде Сыр өңірінен 800-ге жуық азамат жіберілді. Қазір зұлмат апаттың куәгері болған 300-дей ардагер ғана ортамызда. Бүгін өткеннің естелігін жаңғыртып, сол боздақтарды еске алу үшін жиналдық. Бұл – көптің есінде қалған тарихи әрі тағдырлы кезең. Бейбіт еліміздің аспаны ашық, шекарасы бекем, тыныштығы мәңгілік болғай, – деді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы П.Жаңабергенов.

Шараға жиналғандар Чернобыль апатын жоюға атсалысқандар рухына бас иіп, оларды бір сәт үнсіздікпен еске алды. Соңында құрбандардың рухына Құран бағышталып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»