Қапшағайда ардагер футболшылар арасында кіші футболдан мәнерлеп сырғанаушы, жасөспірімдер арасындағы олимпиада мен қысқы Азия ойындарының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесі үшін жарыс өтті. Жарыста Қазалы ауданының ардагер футболшыларынан жасақталған «Kazaly», Астана, Алматы, Тараз және Қызылорда қаласында тұратын қазалылықтардан құралған «Zamandastar», Қапшағай қаласының ардагерлерінен тұратын «Dostyk» және «Team Elizabet Tursynbaeva» командалары бақ сынады.
Турнирдің ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысқан Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков Элизабет Тұрсынбаеваның әлемдік аренадағы өзіндік орны бар спортшы екендігін, осындай турнирлердің бұқаралық спортты дамытудағы ықпалының ерекшелігін атап өтті.
Қапшағайда тұңғыш рет ұйымдастырылған турнир қалалық стадион мен орталық саябақта болды. Жарыста Қазалы ауданының намысын қорғаған команда екінші орын иеленді. Турнирдің жеңімпазы болып «Zamandastar» командасы танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар мен дипломдар, медальдар және естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, бірқатар үздік деп танылған ойыншылар түрлі номинациялармен марапатталды.
– Турнирге қатысқан «Kazaly» командасын ардагер спортшы Толыбай Жүсіпов бастап келді. Ал, «Zamandastar» командасының ойыншылары шеберлігі шыңдалған керемет жандар. Олар Қазалы ауданында дүниеге келіп, бұл күндері еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүр. Мен сендермен мақтанамын, – дейді мәнерлеп сырғанаушының әкесі Байтақ Тұрсынбаев.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<