«БАЛАНЫ МЕКТЕПКЕ ДАЯРЛАЙЫҚ!»
«AMANAT» партиясының бастамасымен 15-25 тамыз аралығында республика бойынша кең көлемде «Баланы мектепке даярлайық!» акциясы бастау алды. Бұл акция аясында аймағымызда партия филиалының ұйымдастырумен апта барысында 620 отбасындағы 830 балаға көмек көрсетілді.
«ЖЕР АМАНАТЫ»
Пайдаланылмай жатқан, оның ішінде заңсыз жеке меншікке өткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды ауыл тұрғындарына ұсыну, әділ үлестіру мақсатында партияның облыстық филиалы жанынан құрылған «Жер аманаты» аймақтық комиссияның отырысы өтті. Жиында жайылымдық жер, жер дауына қатысты түскен арыз-шағымдар қаралды.
БАҒАҒА МОНИТОРИНГ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Апта барысында «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған партиялық мониторинг және бақылау тобының мүшелері қаладағы бірқатар сауда орындарындағы азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жасады.
Бұл іс-шараға өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ғалым Әміреев те қатысты.
Мұнда тұрғындар көп тұтынатын азық-түлік өнімдері бағаларын шекті бағадан қымбаттатпау қажеттігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРҒА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
«Кедергісіз келешек» жобасы аясында партия филиалдары жанындағы мониторингтік топтар әлеуметтік нысандар, аялдамалар мен тротуарлардың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділігі мен бейімделуі бойынша өңірдегі 250 нысанға мониторинг жұмыстарын жүргізді. Қорытындысы бойынша стандартқа сәйкес келмейтін мекемелерге ескерту жасалып, бейімделмеген әлеуметтік нысандарға жауапты сала басшыларымен партиялық тыңдау өткізілетін болады.
АУЫЛ ӘКІМДЕРІ АРНАЙЫ ОҚУДАН ӨТТІ
«AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясы ауыл және ауылдық округ әкімдерін оқыту бағдарламасын жалғастырды. 17-19 тамыз аралығында өңіріміздегі 20-ға жуық ауыл әкімі халықтың экономикалық белсенділігін арттыруда біліктілігін жетілдіру курстарын оқып, арнайы тестілеуден өтті.
«ҚАУІПСІЗ ҚАЛА»
«AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты облыс бойынша қауіптілік тудыратын ашық жатқан люктер мен ашық электр сымдарын бақылауға алып, рейд жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде анықталған барлық кемшіліктер тиісті мекемелерге жолданып, шаралар қабылданатын болады.
ЖАТАҚХАНА ЖАЙЫ БАҚЫЛАУДА
Студенттердің өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру, жатақханалардың оқу жылына дайындығы мен санитарлық нормаларға сәйкестігін анықтау мақсатында «Жастар рухы» ЖҚ облыстық филиалы мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Бұл бақылау жұмыстары барлық аудандарда атқарылады.
ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ
Партияның облыстық филиалында облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Н.Ибраев, А.Әбибуллаева мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы П.Шамуратов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
***
Жалпы апта ішінде, аймақтық және аумақтық филиалдар мен БПҰ-да кездесулер, тақырыптық қабылдаулар, фракция отырыстары, партиялық бақылау және т.б. түрлі форматтағы 71 қоғамдық-саяси іс-шара ұйымдастырылды.





