Апта ағымында

449

0

Сурет: ашық дереккөз

Облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау кестесіне сәйкес кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдады. Жеке қабылдауға 12 адам келді.

Олар қозғаған мәселелердің қатарында тұрғын үй алу, жол, жарықтандыру, жұмысқа орналасу және кәсіп ашу бар.

Қабылдауға келіп ұсыныс-пікірін, өтінішін жеткізушілердің сауалдары назардан тыс қалмайды. Мамандар әрбірінің себеп-салдарын жіті зерттеп, шешімін заң талаптарын негізге алып қарастырады. Қабылдауға келушілердің кейбірі өз сұрақтарына қатысты түсіндірме жауапты сол жерде алды. Көтерген мәселесінің шешу жолдарын білді.

Партия жанынан кітап орталығы ашылды

Жұмыс аптасында «КІТАП – AMANAT» партиялық жоба аясында кітап орталығы ашылды. Орталық жұмысының салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясы мүшесі Үнзила Шапақ,  партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Партияның қалалық филиалы ғимаратында орналасқан орталықта әлемдік және отандық әдебиет, балаларға арналған шығармалар мен мәдени бағыттағы кітаптарды арзан алуға және осы жерде оқуға мүмкіндік бар. Оқырман мен жазушыны тікелей байланыстыратын жоба көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр.

Партияның облыстық филиалы жанынан

Әйелдер қанаты құрылды

Әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанынан әйелдер қанаты құрылды.

Партия филиалы жанынан құрылған әйелдер қанаты отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесіп, отбасы құндылықтарын дәріптейді. Кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсетіп, нәзік жандылардың ғылыммен айналысуына жағдай жасауға бағытталып отыр. Мұны өңірге арнайы келіп, нәзік жандылармен кездескен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапаққызы атап өтті.

Жиынды жүргізген партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова «AMANAT» партиясы тарапынан қолға алынып жатқан «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» секілді тың жобалардың ел игілігін көріп жатқандығын соның ішінде қыз-келіншектерді қоғамдық өмірге, саяси көшбасшылыққа тарту, олардың әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған «Томирис» жобасының ерекшелігін атап өтіп,

Әйелдер облыстық қанаты жетекшілігіне партияның облыстық филиалы Саяси кеңес Бюросы шешімімен «Анаға тағзым» орталығының басшысы, аймаққа танымал журналист, қоғам белсендісі Молжанова Алтынай Бекмағанбетқызының ұсынылып, бекітілгенін атап өтті.

«Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы»

Аптада әкелер институтын дамыту, отбасылық құндылықтар және өскелең ұрпақты тәрбиелеу саласында жаңа тәсілдерді насихаттау мен қалыптастыру мақсатында әкелер кеңесінің отырысы өтті.

Жиынға облыстық әкелер кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ержан Искендір, партия филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов және әр түрлі сала өкілдері қатысты.

«Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында тақырыптық қабылдаулар өткізілді

«AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бастамасымен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы шеңберінде  заңгер, адвокат, медиатор және мәслихат депутаттарының қабылдауларынан құралған апталық жүргізілді.

Жоба аясында партияның облыстық филиалында жұмыс аптасында  «Бітім» медиация орталығының кәсіби медиаторы, заңгер Қыдырбек  Рашов, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әмірбек Шаймағанбетов,  облыстық жеке сот орындаушылар палатасының Төрғасы Кирилл Десятниченко, облыстық Адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Бахыткүл Орынбекова және Түркістан-Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық заң консультанттары палатасының заң кеңесшісі Айгүл Шегирова қабылдау өткізді.

Құқықтық көмек апталығы аясында 48 адам қабылданып, заңгерлік көмек көрсетілді. 18 мәселе оң шешіліп, 30 өтініш бойынша кеңестер берілді.

Сондай-ақ мұндай шаралар барлық аумақтық филиалдарда өткізілді.

Партия алаңында аудан әкімдері жеке қабылдау өткізді

Жұмыс аптасында Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов, Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев және Жалағаш ауданының басшысы Ардақ Ибраимов  партия филиалдарында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.  

Қабылдауда тұрғындар тарапынан жұмыспен қамту, тұрғын үй мәселесі, коммуналдық төлемдер, кентті абаттандыру, ауыз су, көшелерді жарықтандыру мен асфальттауға қатысты мәселелер айтылды.

Аудан басшылары келушілердің әрқайсысына тиісті түсініктемелер беріп, шешімдер қолданыстағы заңнама аясында қабылданатынын түсіндірді. Сондай-ақ қабылдау кезінде бірқатар мәселелердің шешілу жолдарын ұсынып, алдағы уақытта тікелей бақылауында болатындығын айтып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Қала, аудан әкімдері фракцияға есеп берді

Аптада «AMANAT» партиясының облыстық филиалына қарасты қалалық және барлық аудандық филиалдарда фракция отырыстары өтіп, онда Сайлауалды бағдарламасының жергілікті жерде орындалуы бойынша әкімдер фракция алдында есеп берді.

«Қауіпсіз қала» акциясы өтуде

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты республика көлемінде Төтенше жағдайлар және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп «Қауіпсіз қала» акциясын өткізуде.

Ұйымдастырушылар ашық кәріз құдықтарына, жаяу жүргінші жолақтарынына, балалар ойын алаңдарының қауіпсіздіктеріне мониторинг жасауда.

Мониторингтер жүргізу арқылы ақпарат жинап, тиісті орындарға тапсыру, сондай-ақ, балалар мен ересектер арасында жазатайым оқиғалардың орын алуын төмендету мақсаттында ұйымдастырылған іс-шараға Қызылорда қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері,  қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің өкілдері және «Жастар Рухы» Жастар қанатының белсенділері қатысты.

Тұрғындар тілегі тыңдалды

Жұмыс аптасында облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Алмас Рахметов Қармақшы ауданында, Мұхтар Ниязов Жаңақорғанда көшпелі қабылдау өткізіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, кейбір өтініштерге заңнамалар аясында кеңестер берді.

Мұнан бөлек партияның облыстық филиалында  облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Нұрсейтов, Нұркен Бақытбеұлы және  облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов қабылдау өткізді.

Жалпы апта ішінде аймақтық және аумақтық филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарында іс-шаралар, партиялық жобалар, партиялық бақылау, және т.б. түрлі форматтағы  қоғамдық-саяси 78  іс-шара ұйымдастырылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<