Ақ күріштен тау тұрғызған «Ақмая»

504

0

Егін жиылып біткелі, ала жаздай тыным таппаған диқан кетпені дамылдағалы біраз болды. Шаруалар қамбаны астыққа толтырғалы өздеріне дән риза. Расымен биылғы жыл олжалы болды. Облыс егіншілері гектарына 56,5 центнерден өнім алып, 500 мың тоннадан аса күріш жинады. Су тапшылығын тартса да бірлікпен іс қылған Сыр халқы осындай көрсеткішке қол жеткізді. Берекелі жылды қорытындылап, жер-жерде мереке қылған диқан тойы әлі де жалғасуда. Соның бірі – «Ақмая» шаруа қожалығы.

Ақмая ауылдық клуб үйінде өткен іс-шарада шаруашылық төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков жыл басынан бергі жұмыстарына есеп беріп, еңбек адамдарын марапаттады. Сондай-ақ жаз бойы төккен тердің жемісін тойлаған ағайынның қуанышына аудан әкімі Нұржан Ахатов қатысып, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауыл тұрғындарына алғысын айтып, халықтың ұсыныстарын да тыңдады.

– Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шаруашылық төрағаларымен кездесуде нақты тапсырма берген еді. Ол – шаруашылық басшыларының жыл соңында үлескерлермен қорытынды кездесу өткізіп, арнайы есебін беру және алдағы жылға межелеген жоспарларын бөлісу. Бүгінгі жиынның негізгі мақсаты сол. Сонымен қатар, еңбекте алда көрінген азаматтарымызды насихаттау да тоқтамайды. Біз бұған дейін Тұран ауылындағы «Төңкеріс және К» серіктестігінің есебін де тыңдадық, – деді аудан әкімі.

Іскер басшы, тәжірибелі маман  Дәулет Жұмбеков басқаратын шаруашылық биыл 1300 гектар жерге Сыр салысын еккен. Сондай-ақ 250 гектар күздік бидай, 250 гектар жаңа, 535 гектар ескі жоңышқа бар.

– Шаруашылықта 120 адам жұмыс істейді. Кешегі күзгі жиын-терімде орта есеппен гектарына 41 центнерден өнім алып, 5277 тоннадан астам күрішті қамбаға құйдық. Жоңышқа мен бидайды да өз уақытында жинадық. Бұның барлығы өзімізде еңбек еткен азаматтардың арқасы деп білемін. Шаруашылық ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуымен қатар, аудандық іс-шараларға да демеуші болып келеді. Сондай-ақ шаруашылық есебінде 180 бас ірі қара бар, қазір сауылған сүтті аудандағы «Аруана» сүт өнімдерін өндіретін серіктестікке өткіземіз. Ал алдағы жылы күріш ақтау зауыты мен май сығу цехын іске қосамыз, – деді шаруашылық басшысы.

Төрағаның айтуынша, егін-терімге құны 2 млрд теңге болатын техникалар пайдаланылған. Биыл да қомақты қаржы бөліп, жер жыртуға арналған су жаңа қос трактор алған.

Жыл бойына аянбай еңбек еткен, ауылдың өркендеуіне зор үлес қосқан, күріштен мол өнім жинаған азаматтарға ақшалай сыйақы тағайындалған. Олардың қатарында көлік жүргізушілер мен аспаздар, сушы, механизатор, звено жетекшісі және бригадирлер бар. Қаржылай марапат 100 мың мен 1 млн 500 мың теңге  аралығында берілді. Сондай-ақ шаруашылық ардагерлері де марапатталып, үш қызметкер шипажайға жолдама алды.

Айта кетсек, бұған дейін аудандық «Алтын күз» мерекелік шарасында шаруашылықтың үш озат қызметкері – Төрехан Әлтаев, Бейсенбек Кунтупов, Бауыржан Сандыбаевқа «Ақмая» шаруа қожалығы атынан көлік кілттері табысталған еді.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<