Ақ күріштің атасы

933

0

Ұлы Отан соғысындағы жеңістен кейінгі үш жыл қатарынан Ыбырай Жақаев әлем жұртшылығын таңғалдырды. 1945 жылы күріштің әр гектарынан 156 центнерден, 1946 жылы 160 центнер, 1947 жылы 171 центнерден өнім жинап, дүниежүзілік рекорд жасады.

Ы.Жақаев 1891 жылы Шиелі ауданы «Қызыл Ту» колхозында (қазіргі Ы.Жақаев атындағы) дүниеге келген. 1946-1966 жылдары Шиелі ауданы «Қызыл Ту» кеңшарының күріш звеносын басқарған. Ол республикада бірінші болып күріш тұқымын жоңышқа атызына екті. Тұқымды себер алдында күнге қыздыру, бүршіктендіріп себу, қамыс,  арамшөптермен күресу, күріш егісіне тыңайтқыш беру мөлшері мен мерзімін дұрыс анықтау сияқты агротехникалық шараларды өндіріске енгізді. Бұл технологиялық әдіс «Жақаевшылар агротехникасы» деп аталды.

Диқанның көп жылдар бойғы жемісті еңбегі жоғары бағаланып, 1946 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

1958 жылы Корей Халық Демократиялық республикасында болып, тәжірибе алмасып, облыс жастарын күріш егуге шақырды. 1959 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталып, 1960 жылы облыстың Құрмет тақтасына енгізілді. Оның есімі әлемдік тарихтың алтын парақтарына жазыла бастады. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Қазақ КСР-нің Құрмет Алтын кітабына енгізілді.

1966 жылы зейнет демалысына шығып, жасының ұлғайғанына қарамастан жастарға өз тәжірибесін үйретті. Еңбек демалысында жүріп, жас диқандар арасынан табылған ол мемлекет тарапынан үлкен марапатқа ие болды. 1971 жылы 15 мамырда Ы.Жақаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы жарлығымен екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 1971 жылғы 30 маусымдағы №536 бұйрығына сәйкес Шиелі ауданы «Қызыл Ту» колхозында республикалық күрішшілер мектебі құрылды. Республикалық күрішшілер мектебінен жүздеген жас күрішші тәлім алып, өрелі табыстарға жетіп, күріш өсірудің өзіндік бірегей әдісін жасады.

1980 жылы Жақаев қозғалысын одан әрі өрістету және күріштен жоғары өнім алу жолындағы социалистік жарысты ұйымдастыруды жақсарту мақсатында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаев атындағы облыстық жүлде белгіленді.

1981 жылы Екі мәрте Социалистік Еңбек Еріне 90 жасқа толуына орай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Есетов «Халықтар достығы» орденін тапсырды. Осы жылы 19 қыркүйекте диқан 91 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

1981 жылы диқан есімін есте сақтау мақсатында Шиелі ауданының «Қызыл Ту» колхозына, республикалық күрішшілер мектебіне, №244 орта мектебіне, орталық көшелерінің біріне, Қызылорда қаласындағы Нариманов тұйығына және 1991 жылы Халық депутаттары Қызылорда облыстық Кеңесі атқару комитетінің шешімімен Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтына екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың есімі берілді.

Сонымен қатар, 1982 жылы Шиелі ауданында Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі ашылды. Қызылорда қаласында ескерткіш орнатылды.

Шиелі ауданы алтын астықтан мол өнім жинаудың рекордты отанына айналды. 1982 жылы Ы.Жақаев атындағы колхоздың күрішшілері 105 мың центнер астықты бірінші болып тапсырды.

Ыбырай Жақаев – ақ күріштің атасы, ол өзінің өшпес тарихын кетпенмен, маңдай терімен жазған.

Облыстық архив қорынан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<