«Ақ жол» Жолдауды талқылады

931

0

«Ақ жол» Демократиялық партиясы дағдарыстан кейінгі ел дамуының  мәселелеріне арналған Президент Жолдауының негізгі қағидаларын талқылады.

Жолдауды тал­қы­лауға партия төрғасы Азат Перуашев, Орталық кеңес президиумының мүшелері, Мәжіліс депутаттары, «Ақ жол» партиясының бел­сен­ділері  қатыс­ты. Іс-шара өңірлердегі партия филиалдарымен бейнеконференция режимінде өтті.

Төраға партия мүше­леріне Жолдаудың негізгі бағыттары мен Мемлекет басшысының үкімет пен мемлекеттік органдардың алдына қойған тапсырмалары туралы хабарлады.

– Мемлекет басшысының Жолдауы маңызды бөлім­дер­ден тұрады және белгіленген  бағыттардың әр­қайсысы нақ­ты тапсырма түрінде берілді. Жолдау реформалық сипатта   құрылған, –  деді Азат Перуашев.

«Акжолдықтар» бизнесті қолдау жөніндегі көптеген тапсырмаларды, зардап шеккен шағын және орта бизнес секторларының барлық несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, агроөнеркәсіптік ке­шенді қолдау, бизнес ахуалды жақсарту және тағы басқа мәселелерді атап өтті. Сонымен бірге, талқылау барысында мемлекеттік бас­қару саласындағы Президент тапсырмаларына, Стра­тегиялық жоспарлау жө­нін­дегі Агенттігін, Рефор­малар жөніндегі Жоғары Президенттік кеңесті, Бәсе­келістікті қорғау және дамыту жөніндегі Агенттігін құруға, мемлекеттік қыз­меткерлердің штатын қыс­қарту, жауапты хатшылар институтын таратуға қолдау білдірді.

– Бизнес партиясының өкілдері ретінде елдің жаңа экономикалық бағытының басты қағидаларының бірі болып жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлінің аталғанын естіп қуа­нып қалдық,  – деп атап өтті партияның Қарағанды облыс­тық филиалының өкіл­дері.

Депутат Берік Дүйсем­бинов Жолдауда қойыл­ған мәселелер көп жағдайда «Ақ жол» партиясы көтеріп келе жатқан мәселелермен үндес екенін айтып және партия сайлауалды  жұмысын жал­ғастыруға ша­қыр­ды. Сондай-ақ, Мәжіліс де­путаты 2018 жылы «Ақ жол» пар­тиясының фракциясы билік өкілдерінің қос азаматтығы үшін қылмыстық жауап­кер­шілікті енгізу туралы ұсынысы Президент тапсырмаларының ішінде  айтылғанын да  еске салды.

Фракция депутаттары олар бұрын көтерген өзге де мәселелер Президент  Жолдауында орын алғанын, мысалы, 2017 жылдан бері шенеуніктердің штатын қысқарту, әкімдер сайлауы туралы тапсырмалар партияның бағдарламалық міндеттерінің бірі екенін еске салды.

Талқылауға қатысушылар Президент Жолдауын қолдап, «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясына Жолдауды іске асыру үшін тапсырмаларды белгіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<