«Ақайдағы» қуыршақ театры

443

0

Қуыршақ театры – балабақша мен мектеп жасындағы балалардың бос уақытын ұйымдастырудың қызықты әрі қолайлы түрі. Ол жеткіншектердің сүйіспеншілігіне бөленіп, кішкентай көрермендерге қуаныш сыйлайды. Қойылымдарды көрсету кезінде көркем сөз де, көрнекі образ – қуыршақ та, кескіндемелік және декоративті безендіру де, ән, музыкалық сүйемелдеу де қолданылады.

Бала жастайынан шығармашылыққа ұмтылады және оған қуыршақ театры көмектесетіні сөзсіз. Ол көңіл көтереді және тәрбиелейді, бала қиялын дамытады, эмоционалды көңіл-күй қалыптастырады, өзіне деген сенімін арттырады.

Бала күнімнен қуыршақ театрына, шығармашылыққа жақын болғаннан ба екен, өзім сабақ беріп жүрген оқушыларыммен «Неге қуыршақ театрын ұйымдастырмасқа?» деген ой келді. Осылайша, педагогикалық қызметімнің алғашқы жылында-ақ Қармақшы ауданы Ақай ауылындағы №99 мектептің 4 «Ә» сынып оқушыларымен орыстілді қуыршақ театрларының ең танымал қойылымдарының бірі «Теремокты» сахналауға бел будым. Балалардың ерекше таланты мен мектеп басшысының сенімінің арқасында қойылымды  қазақтілді мектепте қойып шықтық. Көрініс қошеметке бөленіп, көрерменнің сұрауымен осы істі кәсіби түрде қолға алуым сұралды. Әртүрлі тараптан көмек ретінде қуыршақ костюмдері беріліп, жаңадан тігіле бастады. Театрға әртүрлі жастағы балалар қатысуға өтініш жасады. Өнерпаздар құрамы көбейді. Бүгінде танымал болып жүрген мультфильмдер мен жаңа ертегілер де қойылым ретінде көрермен алдына шыға бастады.

Қазір репертуарымызда он шақты қойылымымыз бар. Ең алғашқы өнерпаздарым қазір 6-сыныпты аяқтады. Келешекте театр мектептің штаттық режимінде арнайы үйірме ретінде қарастырылады деген үмітім бар. Алға қойған жоспарларым көп-ақ. Қуыршақ театрының қойылымдарын қос тілде, яғни, ана тілімізде де сахналасақ деген ойым бар.

Қуыршақ бала қабылдауына өте жақын, өйткені олар бұл ойыншықпен кішкентай кезінен таныс, сондықтан оны жақын дос ретінде қабылдайды. Сол қуыршақтар көз алдында өзі әңгіме айтып, ән айтып, би билеп, күліп-жыласа,  бұл көрініс олар үшін нағыз мерекеге айналады. Өнер ұжымы болашақта қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық театр фестивальдерінде топ жарып жүреді деген үміттемін.

Ажаркүл ЖАРЫҚБАЕВА,

№99 орта мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі.

Қармақшы ауданы,

Ақай ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<