Ақбаян әні әуелеп…

4997

0

2 тамыз – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Мәдина Ералиеваның туған күні. Марқұм тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Айтулы датаға орай Қызылордада «Қазақтың Ақбаяны» атты І республикалық әншілер конкурсы қорытындыланды.

Ән додасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген және жергілікті 15 талапкер бақ сынады. Конкурс екі кезеңді қамтыды. Оның біріншісінде қатысушылар Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Жақсыгелді Сейілов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Сейдолла Бәйтереков, Кеңес Дүйсекеев секілді отандық композиторлардың, ал екінші кезеңде Мәдина Ералиеваның репертуарынан бір әннен орындады.

Жас талант иелерінің өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, қазылар алқасының төрағасы Бақтияр Тайлақбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жеңіс Ысқақова, Елена Әбдіхалықова, Жұбаныш Жексенұлы, бүкілодақтық фестивальдердің лауреаты Заруха Әлімбетова бағалады.

Конкурс қорытындысы бойынша ІІІ орынды Дариға Сатарова (Астана қаласы), Қарақат Базарбай (Қызылорда облысы), ІІ орынды Дулат Жасұзақ (Жамбыл облысы) және І орынды Мадина Қабдолла (Павлодар облысы) иеленді. Ал бас жүлдені түркістандық Асыл Жомартов қанжығасына байлады. Жүлдегерлерге қаржылай сыйлық табысталды.

Сондай-ақ Қазалы ауданы әкімінің «Туған жер» номинациясына әншінің жерлесі Рахымжан Мақсатбаев (Қазалы ауданы), «Ақбаян» номинациясына Айбек Әбдіәшімұлы (Ұлытау облысы) лайық деп танылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<