«Ақмаңдайлым» ән байқауы

1364

0

Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында КСРО Халық артисі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың ән өнеріндегі асыл мұрасын насихаттауға арналған «Ақмаңдайлым» атты дәстүрлі республикалық ән конкурсы ашылды. Мерекелік кеш әншінің өмір дерегін баян еткен бейнекөрсетілімнен басталды.

Ән конкурсының ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұлы дала төсін әнімен тербеген бұлбұл әнші, біртуар өнер иесі Роза Бағланованың бүкіл саналы ғұмырында ұлт руханиятын асқақтатып, халқының қалтқысыз құрметіне бөленгенін атап өтті. Мерекелік шараға арнайы келген әншінің ұрпағы Тәжен, келіні Маралға ұлттық дәстүрге сай сый-құрмет көрсетті.

Биыл 5-мәрте ұйымдастырылып отырған конкурстың мақсаты – Р.Бағланованың орындаушылық шеберлігі тұрғысынан жас әншілердің өнерін сарапқа салып, әншінің репертуарындағы өзіндік тарихы бар, елдің ерекше ықыласына ие болған әндерді өнер сахнасында қайта жаңғырту. Бұл орайда халық әндері және қазіргі заман композиторларының туындылары насихатталады. Айталық, конкурсқа қатысушылар бірінші кезеңде Р.Бағланованың репертуарындағы әндердің бірін оркестрдің сүйемелдеуімен орындаса, екінші кезеңде қазақ композиторларының шығармаларынан кез келген бір әнді орындайды. Ән байқауына республиканың 9 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан 15 әнші қатысуда. Оның ішінде Қызылорда қаласынан және Арал, Қазалы аудандарының атынан бақ сынайтын үміткерлер бар.

Қазылар алқасының құрамында қазақ эстрадасының өнер жұлдыздары, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Жеңіс Сейдоллаұлы, Сембек Жұмағалиев, Рамазан Тайманов, ҚР еңбек сіңірген артистері Күлән Қалымбетова және Бақтияр Тайлақбаев байқауға қатысушылардың өнеріне баға береді.

Роза Бағланова қиындығы мен қуанышы қатар өрілген өмір жолында қайсар мінезімен, қайталанбас талантымен ұлтымыздың даңқты да дара тұлғасына айналды. Ән өнеріндегі ғажап болмысымен, ғаламат дауысымен есімі аңыз болды. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында ән салып, жауынгерлерге жігер берген қазақ қызының қаһармандығын әлем таныды. Өмірден өткенше ұлтының мәдениеті мен өнерін жер жүзіне насихаттап, күллі қазақ даласын бұлбұл үнімен тербетті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<