Терминологиялық база жетілдірілмек
Биыл қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 6 мың терминге сараптама жасалады. Қазақ тілінің терминологиялық базасын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жалпы 1971 жылдан бері 31 611 терминге лингвистикалық сараптама жасалған. Биыл қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 6 мың терминге сараптама жасау жоспарлануда. Жаңа терминдерді біріздендіру мақсатында «Termincom.kz» қызмет етеді. Мақұлдауға ұсынылған салалық терминдерді тек комиссия мүшелері ғана емес, сала мамандары мен жалпы жұртшылық талқылайды. Сонымен қатар қазақ тілі ұлттық корпусының мәтіндік базасын құру жұмысы қолға алынды. 2021 жылы публицистикалық мәтіндердің 2 млн бірлігіне талдау жасалып, qazcorpora.kz сайтына орналастырылды.
Биылғы квота – 6587 адам
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру арқылы 2026 жылға дейін солтүстікке қоныс аударған азаматтардың жұмыспен қамту деңгейін 87 процентке дейін жеткізу көзделген.
Инфрақұрылымдық жобаларды еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін оңтүстік аймақтардан 35 мың адамды тарту жоспарланған. Еңбек күші тапшы өңірлерді қолдау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың квотасын бекітеді. Биылғы жылы квота 6 587 адамды құрады.
Қоныс аударушыларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін (ауданы кемінде 0,1 га) беруді жеңілдету, қажетті мамандықтар бойынша жұмысқа орналасатын қоныс аударушылар, сондай-ақ олардың жұмыс берушілері тұрғын үй салу кезінде өз қаражаты есебінен жұмсаған шығындарын өтеу (кемінде 50 %), субсидияларға қол жеткізу үшін қоныс аударушылардың кредит берешегіне каникулдар белгілеу (мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін) пысықталып жатыр.
Депутаттың ұсталғанын растады
ҚР Бас прокуратурасы Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген қаңтар оқиғасының ісі бойынша ұсталғанын растады. Қайрат Құдайберген 21 сәуірде уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
Еске салсақ, қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласынан тараған видеоларда кәсіпкердің «Дикий Арман» лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиевтің жанында жүргені көрінген болатын. 7 қаңтарда Алматыда полицейлер «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі А.Жұмагелдиевті ұстаған еді. ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаровтың айтуынша, «Дикий Арман» тобы қаңтар оқиғасы кезінде 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстаған. Криминалдық авторитет «Дикий Арманды» қамауға алу мерзімі екі айға ұзартылған болатын.
Пәндер мазмұны қайта қаралуда
Бастауыш сыныпқа арналған академиялық пәндердің мазмұны қайта қаралып жатыр. Орта білім беру мазмұнын еңбек нарығының талаптарына, педагогика және психология саласындағы жаңалықтарға сәйкестендіру үшін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының базасында арнайы жұмыс тобы құрылды.
Жұмыс тобы бастауыш сынып оқушыларының психоэмоционалдық жағдайын ескере отырып, академиялық пәндердің мазмұнын қайта қарау, жоғары сынып оқушыларын кәсіптік бағдарлау, оқушылардың дербестігін, әлеуметтік дағдылары мен шығармашылық қабілеттерін дамыту, инклюзивті білім берудің қолжетімділігін арттыру мәселелерін пысықтайды. Жалпы еліміздің рухани құндылықтарын сақтау және оларды мектеп бағдарламасы, әдебиет, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дәріптеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.





