Жуырда облыстық мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде талантты күйші, ұлағатты ұстаз, өнертану ғылымдарының кандидаты Гүлнар Ысқақованың «Ғашық өмір» атты шығармашылық кеші өтті.
Ашылу рәсімінде басқарма басшысы Мира Қазбекова кеш иесін құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Ұлттық үрдіске сай сый көрсетіп, гүл шоғын ұсынды. Ақын Ажар Сламова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Жандос Базартай, Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледж директорының міндетін атқарушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе және республикалық Күйшілер одағы Қызылорда облыстық филиалының жетекшісі Әлімжан Әбсадықов ізгі тілектерін білдірді. Кеш иесі Гүлнар Ысқақоваға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Үздік ұстаз» төсбелгісі табысталды.
Гүлнар Ысқақова – Сыр өңірі күйлерінің мұрагері ғана емес, өзіндік өнер жолын қалыптастырған дарабоз дарын иесі. Ұзақ жылдан бері музыка саласында руханият шежіресін жалғап, жас таланттарға ұстаздық етіп келеді.
Кеште Руслан Балмасовтың дирижерлігімен Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі Құрақтың Досжаны, Исламбек Ысқақовтың және Гүлнар Исламбекқызының күйлерін орындаса, Ақмарал Ноғайбаева, Гүлмира Төленова, Айдос Иманжаппаров, Самал Байсейітова сынды өнер иелері Сыр елі ақындарының сөзіне жазылған автордың әндерін орындады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<