Ақсақалдар кеңесінің алғашқы отырысы

784

0

«Достық үйінде» облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен  облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің алғашқы кеңейтілген отырысы өтті. Оған облыстық, қалалық, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағалары мен мүшелері қатысты.

Мемлекет басшысы Атырау облысында жұртшылықпен кездесуінде: «Қазақ қай заманда да үлкенді сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Ал ауызы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. Осы орайда ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыруымыз керек және жүйелі түрде жандандыруымыз қажет. Бәлкім, кеңестерді ассамблея жанына топтастыру дұрыс болар еді» деген болатын. Президенттің бұл ұсынысы қолдау тауып, бүгінде еліміздің  барлық  өңірінде  ассамблея жанынан ақсақалдар кеңесі құрылып, жұмыстарын бастап жатыр. Ассамблея еліміздің саяси өміріне әртүрлі қоғамдық-әлеуметтік саладағы қазақстандықтарды тартып, жұмысын жандандырып отыр. Ассамблея жанындағы аналар кеңесінің, ғылыми-сарапшылық топтың, медиация кабинетінің орны ерекше. Ал жаңадан жасақталып отырған ақсақалдар кеңесі өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, ел бірлігін сақтауда өз үлесін қосады деп сенеміз, – деді Н.Сақтағанов.

Отырыста күн тәртібіне сәйкес кеңес төрағасы мен оның орынбасары сайланды. Кеңес мүшелерінің дауыс беруі арқылы төраға қоғам қайраткері Нұрмұрат Ерманов, төраға орынбасары ғалым, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев болды. Онан соң кеңестің жұмыс жоспары бекітілді. Жалпы кеңес қызметі республикалық Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесі бекіткен ережеге сәйкес аймақтың бірқатар әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталады.

 «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<