Кейінгі кезде «Ақсуат» ауылдық округіне коныстанушылар көп. Әсіресе қаланың шулы тіршілігінен шаршағандар «Наурыз» елді мекенінен жер алып, үй салуда. Оның үстіне биыл газ кіретінін естіген жұртшылықтың жерге сұранысы артқан. Сонан да мұнда жер мен үйдің бағасы қымбаттауда. Мәліметтерге сүйенсек, ауылдық округке қарасты Ж.Маханбетов ауылы және «Наурыз» саяжайында тұрғындар саны 10 мыңнан асқан. Алдағы уақытта «көгілдір отын» қосылғанда көшіп келушілер саны тағы еселенбек.
Әлбетте, жаңа қоныстанушылар үшін көшелер салынып, оның инфрақұрылымында мәселе болмағаны жақсы. Алайда әлеуметтік желіде тұрғындар тарапынан жиі сын айтылып жүр. Жұртшылықтың талап-тілегін жеткізу үшін әкіммен бетпе-бет жолығуды мақсат еткен едік.
Ауылға кіреберісте алдымен «Шаттық» құрылыс дүкені көзге түседі. Демек, құрылыстың қарқын алғанын аңғару қиын емес. Қап-қап көмір де осында.
Қатты отынды пайдаланатын ақсуаттықтар әзірге сонымен лаждап отыр. Ал оң жақта үлкен мейрамхана менмұндалайды. Қос қабатты жаңадан салынған үйлер көптеп бой көтерген. Әрі қарай шағын дүкен, жеке балабақша, жеке мектеп, дәріхана, сұлулық салоны дейсіз бе, бәрі бар. Білуімізше, 408 жеке кәсіпкер тіркелген. Көпшілікке қызмет ететін орындар қаладан кем түспейді.
Бұдан он шақты жыл бұрын осы ауылға жұмыс барысымен бір шараға келгенім есіме түсті. Сонда бір ғимарат ішінде әкімшілік, учаскелік амбулатория, кітапхана, екінші қабатында тұрмысы төмен отбасылар тұрып жатқанын көріп, таңғалғанымыз рас.
Бүгінде ондай сүреңсіз көрініс жоқ. Ауылдық әкімшілік өз алдына бөлек ғимаратқа көшіпті. Бес жылдан астам ауылды басқарып келетін Мәмбетәлі Ақмырзаев осы жердің тумасы болып шықты. Демек, өз ауылының негізгі мәселесін беске білуі тиіс. Тұрғындар базынасын жеткізген бізге өзінің жұмыс істеген уақыттағы ауыз толтырып айтарлықтай тірліктерді баяндады. Ауылдық округтің тарихы сонау 1928 жылдан бастау алады. Кезінде кеңшарда ірі-ірі мал шаруашылықтары болған. Қазір де жұмыс жасап тұрған бірнеше шаруашылықтар бар. 1994 жылдан бастап құрылған «Ақсуат» ауылдық округіне Кеңес Одағының Батыры Жақыпбек Махамбетов атындағы ауыл (бұрынғы С.М.Киров атындағы совхоз) және «Наурыз» саяжайы, «Жаңадария» каналы бойында орналасқан шағын елді мекендер қарайды. Сол канал іргесіндегі «Ойшеңгел» деген жер мен дария арасында қамыс өскен алаңқай «Ақсуат» деп аталады. Дарияның табаны болған сол жерге шеңгел өспей, қамыс шыққан.
Наурыз саяжайының округке келіп қосылғанына 15 жылдай уақыт болған. Жаңадан қоныстанушылардың негізгі мәселесі – жол, жарық, ауызсу, газ. 2017 жылы 1 млрд 250 миллион теңге бөлініп, ауызсу мәселесі шешілген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 550 млн теңге бөлінген. Оның 150 млн теңгесі қырық жылдай жөндеу көрмеген №43 мектепті толығымен қайта жаңғыртуға жұмсалыпты. Кезінде қыс айларында сырт киіммен сабақ оқыған оқушылар, қазір жақсы жағдайда білім алады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2020 жылы 19 көше жөнделген. Оның ішінде 7 көшеге асфальт, қалғанына шиыршық тас төселген. Жаңбыр жауса ми батпағы шығып, жаз шықса шаңы аспандайтын көшелер осылайша кейінгі екі-үш жылдықта ретке келіпті. Оған 350 млн теңге жұмсалған. Ауыл тұрғындарының көбісі қалаға қатынап жұмыс істейді. Сондықтан ең бірінші тұрғындарды мазалайтын да – жол мәселесі. Қоғамдық көліктерден №2, №12 бағыт қатынап тұр. Жуырда №12 бағытқа жаңа үлкен сыйымдылықтағы автобустар берілмекші. Сондықтан олардың жүруіне ыңғайлы әрі кең, асфальтталған көшелер керек.
Биылға жоспарланған үлкен жобалардың бірі – ауылдың электр желілерін жаңарту. Ауыл әкімі М.Ақмырзаевтың айтуынша, 1 млрд 65 млн теңгеге үлкен жоба дайындалуда. Оған 32 көшені электр желісімен қамту қарастырылып отыр. Жоба аясында 8 трансформатор құру көзделген. Жел тұрса, жылт етіп жарығы сөніп қалатын кейбір көшелер бар. Олар бұрынғы ескі бағаналарға жалғанған. Сондықтан тұрғындар «жарық сөнді» деп жиі реніш білдіріп жатады. Енді жоба іске асса, «жарықтың сөнуі орын алмайды» деп сендірді әкім. Былтыр жаңадан көшіп келген тұрғындар орналасқан 28 көшеге электр желісі тартылып, 5 трансформатор орнатылған. Одан бөлек, үлкен бес көшеге түнгі жарық шамдарын орнату және асфальттау жұмыстары жасалып, тротуар түседі. Тағы 32 көшеге электр желісін тарту қажет.
Өзекті мәселенің тағы бірі – «көгілдір отын». 2018 жылдан бері ауылға газ кіргізу жайлы айтылып келеді. 2021 жылы 500 млн, өткен жылы 2 млрд 400 млн, биылға 1 млрд 800 млн теңге бөлінген. Алдағы жылу маусымы аяқталған соң, газды кіргізу жоспарлануда. Өйткені, құрылыс жұмыстарын жүргізген «Әлия» компаниясы «Қазтрансгаз» мекемесіне өткізбек. Оны қабылдап, тексеріп алу үшін де біршама уақыт қажет. Бұл процесс наурыз немесе мамыр айларына дейін жалғасуы мүмкін.
Ауыл әкімінің марқайып көрсеткен жұмыстарының бірі – 28 жыл бойы іске аспай, құр қаңқасы қалған балабақша ғимаратын ауылдың меншігіне алуы. Оған дейін қалалық білім бөлімінің балансында тұрған мекеменің жекеге сатылып кетпегеніне қуанады әкім. Тоқсаныншы жылдарда жұмысын тоқтатқан балабақшаның бар дүние мүлкі тоналған. Осы ғимараттың күрделі жұмысын жасауға жоба дайындайды. Оны шымкенттік бір компания 64 млн теңгеге ұтып алып, 7-8 айдың ішінде адам танымастай жаңа кейіпке ендіріпті. Осылайша «Асылай» балабақшасы 2021 жылы пайдалануға беріледі. Онда қазір 130 бала тәрбиеленсе, 40 адам қызмет етеді.
Айтпақшы, бұл ауылдық округ «Үлгілі ауыл» номинациясын иеленген. Оған бөлінген 10 миллион теңгеге ауылға орталық алаң салыныпты. Қазір барлық шара орталық алаңда өткізіледі. Спорттық жарыстар, концерттер, Наурыз тойы ұйымдастырылып, ауыл адамдарының ауызбіршілігін арттыратын мәдени орталыққа айналып отыр.
Халық санының артуы мектеп пен балабақшаларда орын тапшылығын тудырыпты. Осылайша №268 мектепте оқушылар үш ауысыммен оқып келген. Бұл мәселе де шешімін тауып, мектеп жанынан 200 орындық бастауыш мектеп ғимараты салынып, білім берудегі бірқатар мәселе шешімін тауыпты.
Жергілікті жұртшылық әзірге дәрігерлік амбулаторияға қаралады. Өйткені, екі мыңнан 10 мыңға дейін халқы бар елді мекендерге емхана салынбайды. 2014 жылдан бері типтік амбулатория пайдалануға берілген. Онда 5 дәрігер, 19 аяжан қызмет көрсетеді. Бірақ тұрғындар жетіспейтін мамандарға қаралу үшін Тасбөгет кентіндегі №4 емханаға қаралуға мәжбүр. Алдағы уақытта халық санының артуына байланысты жаңа емхана ашылуы да мүмкін.
Ауылдың тазалығы, көркейту-көгалдандыру жұмыстары да жолға қойылғаны көрініп тұр. Аптасына бір рет әр үйдің алдынан қапқа жиналған қоқысты арнайы машина тиеп алып кетеді. Бірақ тәртіпке бағынғысы келмейтіндер де бар. Олар түн ауа үйінен шыққан қоқысты көшеге тастап кетуден еш қымсынбайды. Әйтпесе, түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады екен. Айына небәрі мың теңге төлеп, тазалықшылардың қызметін пайдалануға құлықсыздардың қылығы, шынында, қынжылтады екен.
Тағы бір жаңалық – ауылды көркейтуге, ондағы кәсіпкерлерді қолдауға, тұғындарды тұрақтандыруға 2,5 пайызбен берілетін несиеге 30 кәсіпкер өтініш білдіріпті. Жаңадан кәсібін бастаушылар үшін таптырмас мүмкіндік болып тұр. Оған қойылатын талап – кәсіпті енді бастаған және осы ауылдың жергілікті тұрғыны болуы керек. Ауылдың ажарын ашатын, оны гүлдендіріп, көркейтетін кәсіпкерлер. Туған жердің өркендеуіне үлес қосатындар үшін мұндай көмек керек-ақ.
Бір сөзбен айтқанда, «Ақсуатта» тәп-тәуір тірлік бар. Қордаланған мәселе кезең-кезеңімен шешімін таппақ. Тек уақыт керек. Наурыз айынан бастап қоғамдық көлік пен газ іске қосылса, көптің үлкен олжасы болғалы тұр.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<