Ақсуатты газдандыру жобасы басталды

1498

0

Кеше шаһар басшысы Ғанибек Қазантаев облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамовпен бірге қалаға іргелес жатқан Ақсуат ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Ғанибек Қонысбекұлы Жақыпбек Махамбетов және Наурыз елді мекендерін газдандыру жобасының жай-жапсарын кеңінен түсіндірді.

Қазіргі таңда жобаның алғашқы кезеңіне республикалық бюджеттен қаралған 500 млн. теңгеге құбырлар жеткізу, жер қазу, газ тарату шкафтарының құрылысы жүргізіледі. Ол үшін газ құбыры жолындағы инженерлік желілер бойынша «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ, «Қазавтожол» АҚ, «ҚазСуШар» РМК-мен келісім алынуда. Мердігер мекеме «Алия сервис» ЖШС көрсетілген мерзімде міндеттемесін толық орындауға күш салуда.

Көгілдір отын Жақыпбек Махамбетов және Наурыз елді мекендеріне Бейнеу-Бозой-Шымкент газ магистралінен тікелей алынады. Ол үшін Шыны зауыты жанынан автоматтандырылған газ тарату стансасы салынады. Тыңғылықты зерттеулер нәтижесі бас газ тарату пунктінің осы аумақта орналасуын тиімді таңдау екендігін көрсеткен. Себебі, алдағы уақытта тек аталған ауылдық округ қана емес, сол аумаққа жақын елді мекен халқы еш кедергісіз газ игілігін көретін болады.

Газдандыру жобасы 2023 жылы толық аяқталады. Оған дейін кезеңдер бойынша ауыл тұрғындары көгілдір отынға қосыла бермек. Осы тұста қала әкімі Ғанибек Қазантаев құрылыс бөлімінің басшысы Б.Далабаевқа және ауылдық округ әкімі М.Ақмырзаевқа құрылыс жұмыстарының жүруі барысындағы барлық қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауға алуларын тапсырды. Өз кезегінде ақсуаттық ағайын көптен күткен қуанышты жаңалығымен бөлісуге арнайы келіп, мәселені жан-жақты түсіндірген қала әкіміне батасын беріп, қызметіне сәттілік тіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<