Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды

455

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары Мәртөк ауданы Саржансай ауылындағы спорт кешенінің жұмысымен танысудан басталды.

Бұл нысанның жалпы аумағы 1048 шаршы метрді құрайды. Мұнда спорттың бірнеше түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Қасым-Жомарт Тоқаев еркін күрес залы мен шағын футбол алаңын аралап көрді.

Президент спорт кешенінде жас спортшылармен кездесті. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев спортпен шұғылданудың маңыздылығына назар аударды. Спорт адамның көзқарасын түзейді. Әсіресе жастарға күш-жігер береді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы футболға қолдау көрсетілетініне тоқталып, аталған спорт түрінің болашағына сеніммен қарайтынын жеткізді.

Президентке Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде баяндалды. Аталған бастама қолға алынғалы бері өңір бойынша 1471 жобаға 6,6 миллиард теңге көлемінде несие берілген. Сондай-ақ биыл қыркүйек айында қосымша 12,5 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Мемлекет басшысына бағдарлама аясында аймақтағы 209,8 гектар алқапқа көкөніс және бақша дақылдары егіліп, жалпы аумағы 1 гектардан асатын 77 шағын жылыжай салынғаны туралы айтылды. Сонымен қатар 101 кондитерлік цех пен наубайхана, 129 шағын сүт өңдеу, 65 ет өңдеу жобасы іске қосылған.

Бұдан бөлек, Ақтөбе облысында 1210 жаңа жұмыс орны ашылып, 1062 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Бір ғана Мәртөк ауданының өзінде аталған бағдарлама шеңберінде ұсынылған 195 жобаға 902,5 миллион теңге несие берілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен және аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерімен танысқаннан кейін жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесті.

Президент ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» бастамасы қолға алынғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның тиімді тұстарын атап өтіп, мемлекет шаруаларға, шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсететініне назар аударды.

Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Президентке аймақ басшысы Асхат Шахаров өңірдің экономикалық әлеуеті мен перспективті инвестициялық жобалары туралы баяндады. Облыс әкімінің айтуынша, биылғы 10 айда өңір экономикасына 804,4 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,2 пайызға көп. Салынған қаржының негізгі бөлігі, яғни 725,5 миллиард теңге жеке инвесторларға тиесілі. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 62,6 миллиард теңге, металл кенін игеруге 145,6 миллиард теңге құйылған.

Биыл жалпы сомасы 57,2 миллиард теңге болатын 19 ірі жобаны іске қосу жоспарланған. Барлық инвестициялық жоба үшін жасыл дәліз қағидаты енгізілген.

Сондай-ақ Президентке бірқатар инфрақұрылымдық жоба әзірленгені туралы мәлімет берілді. Қазір Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын автожолының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Содан кейін Мемлекет басшысына Ақтөбеде кәріз жүйесін тазарту қондырғысын салу жөніндегі жоба таныстырылды. Құны 53,5 миллиард теңге болатын жобаны іске асыру үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінен қаржы тартылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақтөбе қаласына «Бұхара – Орал» магистральды газ құбырынан үшінші желіні тарту жұмыстары жөнінде баяндалды. Жобаның жүзеге асырылуы қолданыстағы газ құбырларының жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының әкіміне экология мәселесін тез арада шешуді тапсырды.

– Бұл жұмысты міндетті түрде соңына дейін жеткізуіміз керек. Әйтпесе, халыққа зияны көп. Экология мәселесі өте өткір әрі өзекті. Сондықтан бұл мәселеге баса мән беру қажет, – деді Президент.

Бұдан бөлек, ірі компаниялардың өкілдері Мемлекет басшысына өздерінің инвестициялық жобаларын таныстырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<