Қызылордадан Аралға дейінгі аралық 26 қаңтардан бастап ақылы. Көлік министрі 2025 жылғы 9 қаңтарда бұйрыққа қол қойды. Әңгіме тек жүк көліктері мен автобустарға қатысты. Жеңіл көліктер тегін жүйткиді. Екі ортадағы 454 шақырым жол екінші техникалық санатты екен.
– Бұл – еліміздегі он сегізінші ақылы жол. Ресей Федерациясы шекарасы (Самара) – Шымкент республикалық маңызы бар жалпыға ортақ автомобиль жолының бойына 6 бақылау жүйесі орнатылды. Көлік қозғалысы, жылдамдығы мен қарқындылығы бейнекамера арқылы автоматты түрде базаға тіркеледі. Көлік егелері интернет-банкинг, төлем терминалы, электронды әмиян секілді 10 түрлі әдіспен төлем жасай алады, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Ерұлан Жүнісов.
Жолда шлагбаум жоқ. Бұл темір тұлпардың діттеген жеріне тез жетуіне мүмкіндік береді. Көлік кептелісін азайтып, қауіпсіздікті арттырады. Бүкіл мәлімет kaztoll.kz сайтында онлайн режимде көрсетіледі. Енді төлем жайына оралсақ, 16 орынға дейінгі автобус немесе 2,5 тоннаға дейін жүк көтере алатын автомобильдер үшін алдын ала төлем 2840 теңге болса, кейінгі төлем – 3330 теңге. Алдын ала төлемде сыйымдылығы 32 орыннан асатын автобустар мен 10 тоннаға дейін жүк көтеруге қабілетті көлік түрлері үшін де жеңілдіктер қарастырылған.
Одан бөлек, бір бағыттағы (454 шақырым) төлем мөлшері:
– 16 орынға дейінгі автобустар мен жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға жететін жүк автомобильдері үшін алдын ала төлем – 2840 теңге, кейінгі төлем – 3330 теңге;
– 32 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері үшін алдын ала төлем – 5750 теңге, кейінгі төлем – 6740 теңге;
– 32 орыннан асатын автобустар және жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейінгі автопоездар үшін алдын ала төлем – 8570 теңге, кейінгі төлем – 10100 теңге;
– жүк көтергіштігі 10 тоннадан жоғары және 15 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері үшін алдын ала төлем – 11470 теңге, кейінгі төлем – 13470 теңге;
– жүк көтергіштігі 15 тоннадан асатын жүк автомобильдері, оның ішінде тіркелгіш және ершікті тартқыштар үшін алдын ала төлем – 14290 теңге, кейінгі төлем – 16830 теңге.
Алдын ала төлем жүйесі қаржылай жүктемені азайту мақсатында енгізілген болатын. Ақыны кейін төлегеннен бұл әлдеқайда тиімді. Төлем жеті жұмыс күні ішінде жүзеге асырылуы керек. Одан кешіктірсе, Әкімшілік кодекстің 628-бабына сәйкес айыппұл төлеуге тура келеді. Айыппұл көлемі жеке тұлғалар үшін – 5 АЕК (19 660 теңге), ал заңды тұлғалар үшін – 10 АЕК (39320 теңге). Төлем үшін айлық немесе жылдық абонент алуға да болады. Көлік құралы ақылы учаскеге іргелес аудандарда тіркелген тұрғындар үшін 15 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Ақылы жолмен жүргісі келмейтіндер басқа нұсқаны таңдауға құқылы. «ҚазАвтоЖол» ҰК» сайтында айналма жолдар көрсетілген автокарта бар. Әрине, бұл жолдардың жағдайы әлі де жақсартуды қажет етеді.
– Ақылы учаскелердің басты ерекшелігі де – өзін-өзі қаржыландыру. Ақылы автожолдарды күтіп-ұстауға мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейді. Түскен қаржы жолды күтіп-ұстауға, оны тәулік бойы күзетуге, жол жабынында анықталған ақауды жөндеуге, тазалық жүргізуге және қауіпсіздікті арттыруға жұмсалады, – дейді Ерұлан Жүнісов.
Бүгінде Қазақстанда 18 ақылы учаске бар. Олардың жалпы ұзындығы – 3676 шақырым. 11 учаске І, 7 учаске ІІ және ІІІ техникалық санаттың талаптарына жауап береді. 2021 жылы 1 қарашадан бастап ақылы жолдар қатары 7 учаскемен толыққан болатын. Шымкент-Қызылорда аралығы да осы тізімде.
Көлік министрі Марат Қарабаев осы дүйсенбідегі Үкімет сағатында биыл елімізде қосымша 4 мың шақырым ақылы жолдар пайда болатынын мәлімдеді.
– Өткен жылы түсім 48 миллиард теңге болды. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы жол іске қосылып, олардан 60 миллиард теңге кіріс түседі деп жоспарланып отыр. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш 100 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін, – деді министр.
Мамандар күтіп-ұстау жұмыстарына нормативке сәйкес қаражаттың бөлінуіне байланысты жұмыс сапасы артқанын айтып отыр.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





