Ақын домбырасынан «Алтын домбыраға» дейін

736

0

2018 жылдан бастап шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай, жыл сайын мереке күні облыстық тарихи-өлкетану музейі әртүрлі іс-шаралар мен көрме ұйымдастырады. Музейде қазақ тарихынан мағлұмат беретін көптеген жәдігерлер сақтаулы. Онда XІX-XX ғасырда пайдаланған ыдыстар, үй жабдықтары және шыққанына 100 жылдан асқан музыкалық аспаптар да бар. Сондай-ақ, Сырдың елі – жырдың елінен шыққан дүлдүл ақын, жыраулар мен  өнер саласының майталмандары тұтынған домбырларды кездестіруге болады. Сақталған музыкалық аспаптармен облыстық  тарихи-өлкетану музейінің  ғылыми қызметкері Кенжегүл Ибрагимова таныстырды.

Мұнда Нартай Бекежановтан бастап өнер жолын ізгілік пен жалғаған азаматтардың қолында күмбірлеген 50-ге жуық домбыра бар.

ХХ ғасырдың бас кезінде Сыр өңірінде 300-ден астам ақын, жырау өмір сүрген. Солардың бірі жыраулық өнерді қалыптастырған Дүр Оңғар Дырқайұлының, ақын, шежіреші Әлімбай Әлиасқаровтың пайдаланған домбырасы көрме экспозициясына қойылған.

Сонымен қатар қолөнер шебері Бекзат Жақыптың керемет туындысы – «Қосбет домбыра». Оны шебер тарихи мәліметтерге сүйене отырып жасаған. Ерекшелігі – өзінің аты айтып тұрғандай қос бетті, әмбебап, екі жағымен де тартылатын аспап. Мамандардың айтуынша, бір жағымен ән айтылса, екінші жағымен күй тартқан деседі.

Мәскеу қаласының ғылыми мекемелеріне ұйымдастырылған іссапарда Шығыс музейінің қорында сақтаулы Жетіасар ескерткіштерінен табылған 700-ге жуық ағаш бұйымының фрагменттері қайта қаралып зерттелген. Нәтижесінде 1973 жылы «Бидайық асар» қалашығынан табылған ағаш бұйым қосмойынды қоссаз домбыра аспабы екені белгілі болған. Оны 1973 жылы С.Толстов басқарған Хорезм археологиялық экспедициясы тапты. Бірақ Ресей археологтары бөлшектеліп табылған домбыраны музыкалық аспап ретінде санамай іссапарға барған белгілі археолог, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті археология және этнография орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев ағаш фрагменттерін біріктіріп, домбыраның қаңқасын шығарған. Оның көшірмесі бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология залына қойылған. Қолөнер шебері Бекзат Жақыпов қоссаздың көшірмесін қайта жасап, ғалым мен шебердің бірлесіп жұмыс істеуінің нәтижесінде құнды жәдігер қайта өңдеуден өтті.

Музейде жырау,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовтың тұтынған, мәдениет саласының ардагері, ақын Омар Сейтпенбетұлының жиналмалы домбыралары және «Азия дауысы – 2000» халықаралық байқауының қатысушысы, әнші Гүлнұр Оразымбетоваға сыйға берген асықты домбыра музей экспозияцияларынан орын алып тұр.

Мұндағы құнды жәдігердің бірі – айтыскер ақын Мұхтар Ниязовтың «Алтын домбырасы». Ол – қымбат бағалы металдан жасалған зергерлік өнер туындысы.

– Туыстас халықтардың қайсысын алсақ та, аспаптары өте ұқсас болып келеді. Түріктердің музыкалық аспабы оның сазы және формасы ұқсайды. Тек жасалу технологиясы басқа. Өзбектерде, қарақалпақтарда дутар аспабы бар. Қырғыздың қомузы да қазақтың домбырасына ұқсас. Түрікмендер аспаптарына металл ішек тартса, өзбектер біз сияқты ішек тартады, – деді Кенжегүл Ибрагимова.

Музей экспонаттарын тамашалай отырып, жер бетіндегі халықтар тек қана экономикалық-географиялық тұрғыдан ғана байланыста болмағанын аңғарасың. Музейде орналасқан басқа ұлт өкілдерінің ішекті аспаптары көне мәдениеттің сабақтастығынан, байланысынан сыр шертеді. Қазақ мәдениетінің ошағы Сыр еліндегі жыраулық дәстүрдің тарихы да өте терең болғанын музейдегі әрбір аспап дәлелдей түседі. Сондықтан бұл бағыттағы зерттеулер әлі де жалғасын табары сөзсіз.

Аружан Ералы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<