Ақындар ұстаз-анаға жыр арнады

840

0

Жосалы кентіндегі Ш.Төлепова атындағы мәдениет үйінде Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен тыл ардагері, білікті ұстаз Ақбалыш Жалғасованы еске алу мақсатында «Ұстаз – Ана» атты облыстық ақындар мүшәйрасы өтті.

Ақбалыш Жалғасова 45 жыл өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған, ұстаздардың ұстазына айналған, шәкіттері шыңға шыққан ардақты ана.

Жыр мүшәйрасы басталмас бұрын Қармақшы аудандық Мәдениет үйінің шара ұйымдастырушылары, ұрпақтары мен мүшәйраға қатысушы ақындар ана рухына құрмет көрсетіп, «Ана мен бала» ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады.

Дүбірлі додаға аймағымыздан 27 жазба ақын қатысып, бақ сынады. Жыр додасын аудан әкімі Жандос Еркінбек пен қоғам қайраткері Ырзақұл Нұртаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Өнердің қаймағын бұзбай, қалың көрерменге тарту еткен аймақтың жүйрік ақындары қармақшылықтарға шадыман шаттық, ерекше рухани демалыс сыйлады.

Мүшайраға жыршы, «ҚР мәдениет қайраткері» Берік Саймағамбетов, ақын, «Қазақстан Республикасы білім лидері» Зарипа Тасымова, жырау, «Қазақстан мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері Арнұр Көшенеев, «Әлімсақ» журналының бас редакторы, филиология ғылымдарының кандитаты Нұрлан Көбегенұлы, «Қазақстан Жазушылар одағының» мүшесі Мөлдір Айтбай қазылық жасады.

Ақындар ұстаз-анаға жыр арнады

Қазылар алқасының шешімімен «Бақытжамал Сәденқызы» атындағы арнайы жүлдені Мөлдір Тәңірбергенова, ал «Шәмшат Төлепова» атындағы арнайы жүлдені Данабек Жанғазы қанжығасына байлады. Жүлделі ІІІ орынды Жалағаш ауданынан Дидар Өмірзақ, Қармақшы ауданынан Диас Мустахимов, ІІ орынды Қызылорда қаласынан Айдар Сайлауов иеленсе, ақындардан оза шапқан Қызылорда қаласының ақыны Бексұлтан Санақұлға І орын бұйырды. Ал жыр додасының бас жүлдесін жалағаштық Жасұлан Серік иеленді.

Сондай-ақ, мүшәйраның барлық қатысушылары мен жүлдегерлеріне дипломдар мен қаржылай сыйлық табысталды.

Арайлым ӨТЕПОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<