Ақынды мерейтойымен құттықтады

1969

0

Бүгін аудан әкімі Талғат Дүйсебаев ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» Мұхтар Сақтаповты 85 жасқа толу мерейтойымен құттықтады.


Аудан әкімімен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Муса Келдібаев, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев және аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы барып, құттықтау лебіздерін жеткізді.


Аудан басшысы Қазақстанның Құрметті журналисінің қазақ поэзиясына қосқан сүбелі үлесін атап өтті.


– Кемеңгерлік пен кемелдікке жарқын көңілмен келіп отырсыз. Қазақ әдебиетіне зор үлес қосып, поэзия әлемінде өзіңдік орныңызды қалыптасдырдыңыз! Сіздің өлеңдеріңіз арқылы жас ұрпақ тағылымды тәрбие ала білді. Ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов, қырғи тілді Қалтай Мұхамеджанов, сөз зергері Әбіраш Жәмішев, ақын, өртірік өлең шебері Замаддин Ибадуллаев, арқалы ақын Балашбек Шағыров, қарымды қаламгер Қайырбек Асанов секілді Сіздің шығармаларыңыз да халық көңілінен шығып, жүрегінен орын тапты. Мәселен, «Тереңөзек» деп аталатын өлеңіңіз барша жерлестердің мақтана айтатын гимне айналды. Біз Сізді өскелең ұрпаққа мол мұра өлеңдеріңіз арқылы үлге етеміз. Сіздің қазақ журналистикасының дамуына еткен еңбегіңіз ұшан-теңіз, – деді аудан әкімі Талғат Тұрсынұлы.


Аудан басшысы мерейтой иесіне «Құттықтауын» табыс етіп, халқымыздың игі дәстүрі бойынша иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.


Мұхтар Жаналханұлы Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде үзіліссіз 40 жыл жұмыс жасап, корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, баспахана директоры қызметтерін абыроймен атқарды. «Көңіл шуағы», «Қайырлы таң, туған жер!» секілді бірнеше жыр-жинақтың авторы.
Ақын М.Сақтапов «Қазақстанның Құрметті журналисі», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы», «Ұлы Жеңістің 65, 70 жылдығы», «Конституцияның 20 жылдығы» мерекелік медальдарының иегері, әр жылдарда облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хатымен, Қазақстан Журналистер одағының «Құрмет грамотасымен» марапатталған.


Сырдария ауданының бас ақыны ауданның өсіп-өркендеуіне, рухани кемелденуіне зор үлес қосып келеді.


85 жасқа толған мерейтой иесі Мұхтар Сақтапов көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, батасын берді.


Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<