Ақынның төрт әйелі

1553

0

– Жерлеу комиссиясына сені төраға етіп тағайындадық,– деді Сайын Мұратбеков ағамыз қайтер екен дегендей бетіме үңіле, барлай қарап. Онсыз да қатпарлы маңдайы сызық-сызық болып, жиырыла түсті. Сөзінің «төраға» деген тұсына келгенде көзін көкке бір сілкіп қойып, сұқ саусағын маңыздана тіке шошайтты, қиналған бет әлпетінен «басқа қолды-аяқты хатшы табылмағандықтан… екінің бірінің қолынан келе бермес аса жауапты міндетті… асқан зор күдікпен… сенімсіздікпен өзіне артып отырғанымызды осы пәтшағар түсіне қояр ма екен?..» дегендей күптілік сезіндім. Жазушылар одағы хатшыларының барлығынан да жасым екі есе кіші болғандықтан, шындығында да, «атқа жеңіл телпекбайы» мен едім. Кенеттен қайтыс болған әйгілі сатирик ақын Шона Смаханұлымен қоштасуға кешеден бері абыр-сабыр дайындық жүріп жатқан.

– Марқұмның сүйегін туған жеріне апарып, жерлеп қайту керек. Өзінің өсиеті солай. Сенен басқа баратын хатшы бол- май тұр. Бізде басқа да шаруалар бастан асып жатыр. Тез жолға дайындал, – деп бітірді лауазымы бірер саты жоғары Сайын аға. Мен мүдіріп қалдым. «Бұрын кісі жерлеуге ешқашан бас-көз болып көрмеп едім» деп қалай ақталып, шегінермін? Тапсырманың аты – тапсырма. Бас тартудың жөні жоқ. Сәл ойланып:

– Жерлеудің жөн-жоралғысын жақсы білетін бір ақсақал қосып берсеңіз жақсы болар еді, – дедім. Жүрексінгенім рас.

«Аты дардай ардагер ақынның мүрдесін туған жұртына соқа басым сопайып қалай жалғыз апарамын?»

– Болсын, – деді Сайын аға.

Сол күні Жазушылар одағындағы марқұммен қоштасу рәсімінен соң Шона ағамыздың туған жері Талас жаққа шұ- ғыл аттандық. Шөкеңнің отбасынан бір емес, екі әйелі, бір баласы бара жатты. Сайын ағамыз партизан-жазушы Қасым Қайсеновті көндіріп берді, фольклоршы Балтабай Адамбаев өзі белсеніп шықты. Шәкірттерінен көзін көкшитіп Көпен Әмірбековті қосып алдық. «Ауылдас ағам еді…» – деп ҚазМУ-де кино түсіруден сабақ беретін Қоянбай Ахметов ілесті. Сөйтіп қарамыз көбейіп қалды.

…Заңы қытымыр Кеңес заманының өзінде Шона Смаханұлы төрт әйел алған болатын. Бұдан бір ай бұрын шамасында ол кісіні бір тойда көргенмін. Жуық маңда қайтпасқа жүріп кете қоятындай емес еді. Соңғы үйленген жас келіншегімен сатырлатып, лезгинка билеп жүрген. Қолды-аяққа тұрмайды. Екі табаны жерге тимей, шыр көбелек айнала, зыр-зыр етеді. Алпысты орталаған адамның осыншалық ширақ қимылына, жиырма бес- отыздардағы жас тоқалын шырқ үйіріп жүрген қызу қарқыны мен екпінді күйіне бәріміз де іштей-сырттай таңырқап, тәнті болған едік. Бүгін сол кіші жеңгеміз құртақандай ұлын жетелеп келіп, Таласқа бізбен бірге барғысы келді. Жетектегі екі-үш жасар баласы танауы таңқиып, ештеңеге түсінбей айналақтап қарайды – сойып қаптап қойғандай, құдды Шона! Аузынан түсе қалған. Пайғамбар жасынан асқан басымен өзінің көшірмесін туғызып жүрген жойқынның мұндай мықтылығына қалай таңдай қақпассың?!

Шөкеңнің үлкен екі әйелі бізге ермекші болған кіші абысынын: «Мына шақалақ алыс жолды көтере алмауы мүмкін. Ауыртып аларсың. Балаларды бағып тыныш отыр. Өзіміз- ақ жерлеп қайтамыз», – деп қайтарып жіберді. Екеуі: «Ал мынау қыз – Шона ағаларыңның үшінші әйелінен туған қарындастарың», – деп Шөкеңнің енді бір қызын көрсетті. Оның да танауы тәлпиіп, көзі бақырайып, «мен де Шонадан туғанмын» деп тұрғандай. Өзі еңіреп жылап жүр екен.

«Бұларды шешесі екеуін ертпейміз, үйге қарасын. Ал енді ағаларыңның мына баласы барып топырақ салады», – деп екінші әйелінен туған ержеткен ұлын ертіп алды. Түбіт

мұрты тебіндеп, жігіт болып қалған екен, танауы таңқиып, көзі дөңгеленіп, ол да айтпай-ақ «Шонаның бел баласымын» деп тұр!

Марқұмның мәйiтiн жеке катафалкаға салып жөнелтіп, өзіміз кішігірім автобусқа отырып, жолға шықтық. Алматыдан шығып, Жамбыл жаққа апаратын кең сүреге түскен кезде манадан бері өзімен тете абысынымен шүңкілдесіп отырған бәйбіше жеңгеміз: «Қайным, жолдағы Отар стансасында ағаларыңның тағы бір баласы әскерде жүр еді, соны сұрап алыңдаршы, ертіп алайық, әкесіне топырақ салсын», – деді.

Жол-жөнекей Отардағы әлгі айтқан әскери бөлімге бұрылып, Қасым аға екеуміз кіріп, Шонаның тағы бір баласын командирінен сұрап алып, шешелеріне әкеліп қауыштырдық. Жеңгелеріміздің сөз ләміне қарағанда, Шона ағамыз оны балалар үйінен асырап алып, бәйбішенің бауырына салған көрінеді. Бірақ тумыс-бітімі басқа деуге ешбір келмейді, бұл неме де танауының екі тесігі көкті көздеп, көзі бағжиып, Шөкеңнің өз тұқымы, бел баласы екенін айтқызбай-ақ дәлелдеп тұр. Екі ұлы егіз қозыдай ұқсас. Балалар үйіне Шөкеңнің өзі өткіздіріп, өзі қайтарып алған сыңайлы.

«Ұқсамасаң тумағыр!» – дестік. Қасекең әскердегі баланың маңдайынан сүйіп, бәріміздің атымыздан көңіл айтты. Ары қарай жүріп кеттік.

Қордай асуынан асқанда, түн ішінде, көліктеріміздің жанармайы түгесілуге айналды. Май құю стансасына келіп, қаңтарылып тұрып қалдық. Бұл бір жанармай дегеннің қат кезі. «Аздаған бензин бар, бірақ оны құю үшін бастықтардың арнайы рұқсаты керек», – десті. «Сыйлы адамның сүйегін жерлеуге апара жатырмыз, ішімізде атақты батыр жазушы Қасым Қайсенов бар», – деп едім, май құюшылар жүгіре шығып, сәлем берісті. Бірақ: «Бензин құя алмаймыз, басымыз екеу емес», – деп күмілжіді. Қасекең мән-жайды білген соң, стансаның құжырасына кіріп, қара телефонға қонжиып, қолма-қол ауданмен байланысты. Бірқыдыру мезгілде салып ұрып аудан басшысы өзі жетті. Батыр Қасым мен марқұм Шонаның атын естігесін шыдап жата алмапты. Азамат екен.

Көні кепкен көліктеріміздің көмекейін аузы-мұрнынан шығарып толтырып берді.

Ұлықбек Есдәулет,

«Шонаны жерлеу»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<