Арада өткен қырық жыл

410

0

Осыдан тура 40 жыл бұрын С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің республика бойынша жалғыз журналистика факультетін тәмамдап, қанат қаққан тү­лектер ару қала – Алматыда бас қосты.

 

Иә, халқымызда қырық саны қасиетті саналатыны жасырын емес. Бізден бұрынғы және кейінгі бітірген қалам иелері 10, 20, 30, 40 жылдық кездесулерін жасап жатқанда, курс­тас­тарымыздың бірден қырық­жылдыққа тоқтам жаса­ғаны содан да болар. Сонау жетпісінші жылдардың басында еліміздің әсем астанасына арман қуып жеткен қызғалдақтай құлпырған қыздар мен өрімдей жас жігіттер пайғамбар жасқа жетіп, енді бірқатары жетпістің желкесінен қарай бастағанда осындай қуанышқа ортақтасу бұйырды.

Сонымен, студент кезден топ бастаған танымал қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қалыбек Атжанның бастамасымен қолға алынған мерейлі кездесу аясында түлектер Темірбек Қожекеев пен Тау­ман Амандосов атындағы аудиторияларға аялдап, журфактың қос тірегі болған ғұламаларды сағынышпен еске алды. Бұдан кейін университет кітапханасындағы салтанатты жиында бірінші топ кураторы болған Тұрымтай Дүйсебаева, кино ісіне баулыған ұстаз Қоянбек Ахметов, факультет деканы Сағатбек Медеубекұлы сөз алып, соны дәстүрді жалғастырып отырған 78-ші жыл түлектеріне ризашылықтарын білдірді.

Қасиетті жұма күніне тура келген кездесу бағдарламасына сәйкес «Нұр-Мүбәрәк» ме­ші­ті­не барып, өмірден озған ұстаздарымыз бен курстас­та­рымыздың рухына құран ба­ғыштадық. Ертеңіне курстастар бес жыл студенттік өмірді өткізген ару Алматыны аралауға шықты. Тұңғыш Президент паркінен басталған саяхат «Медеу» спорт кешені мен Орталық саябақта жалғасты.

Иә, қайран уақыт өз дегенін істейді екен. Қатарымыз біршама сиреп қалыпты.

Алматы қаласындағы «Molia&DOS» ЖШС баспаханасынан шығарылған «Біз» деген кітапта түлектердің тағылымды жолдарынан сыр шертетін өмірбаяндық эсселер, олар жайлы жазылған мақалалар мен сұхбаттар, естеліктер топтастырылған.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ,

Қазақстанның мәдениет қайраткері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<