Кеше түс әлетінде Арал қаласына жақын аумақта санитарлық авиация қызметін атқаратын АН-2 ұшағы құлап, толығымен жанып кетті. Ұшақ ішінде болған 2 экипаж мүшесі мен 1 фельдшер аман қалды.
Бұл жөнінде хабарлама облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сағат 12.10-да түскен. Арал қаласына жақын аумақтағы «Алтықұдық» аталатын жерге сағат 12.18-де жеткен өрт сөндірушілер ұшақтың толықтай жанып кеткенін анықтады. Бұл орын аудан орталығынан шамамен 21 шақырым қашықта жатыр.
– Экипаж санавиация қызметінің тапсырмасы бойынша ұшып шыққан. Келеңсіз жағдай ұшақтың қону кезінде болған. Бұл уақытта аудан аумағында тұман түсуінен ауа райының қолайсыз болғаны анықталды. Ұшақ қону кезінде батпаққа құлап, сол жерде аунап түскен. Содан кейін өрт шығып, толық жанып кеткен. «Тараз Жаңа әлем» әуе компаниясына тиесілі ұшақ ішінде 1970 жылғы экипаж командирі, 1992 жылғы екінші пилот және 1974 жылғы фельдшер болған. Олардың барлығы аман. Бұл азаматтарға медициналық көмек қажет болған жоқ. Оқиға орнына Арал ауданы төтенше жағдайлар бөлімі, №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен 2 техника мен 9 қызметкер барды, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Саид Молдақараев.
Мәлім болғандай, ұшақ сағат 9.30 шамасында Қызылорда әуежайынан тиісті бағытқа бет алған. 1987 жылы құрастырылып шығарылған ұшақ былтыр қараша айында жөндеуден өткізіліп, ұшуға қайта рұқсат етілген.
Облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Алмат Құрманғали санавиация қызметі Арал қаласында тұратын 2006 жылғы науқасты алып келу үшін шақыртылғанын айтып өтті. Жасөспірім қант диабетінің ауыр түрімен сырқаттануына байланысты оны облыс орталығына жеткізу жоспарланған.
– Жалпы, өңірде тұрғындар санавиация қызметіне жиі жүгініп жатады. Біз айына орташа есеппен 12-15 шақырту қабылдаймыз. Ол қантамыр аурулары, ана мен нәресте сырқаты, өзге де себептерге байланысты болады. Жедел жәрдем станциясы теңгерімінде ешқандай санавиация ұшағы жоқ. Осы орайда тиісті мекемелердің қызметін пайдаланамыз, – деді А.Құрманғали.
«СБ» ақпарат





