Арал ауданының өзекті мәселелері талқыланды

428

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде Арал ауданының даму жоспары талқыланды. Мәжіліске аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, орынбасарлары және облыстық басқарма басшылары қатысты.

Аймақ басшысы былтыр ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика тіркелгенін атап өтті.

«Өткен жылы аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Арал ауданының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 24,3 млрд. теңгені немесе 148% құрап, бюджет қаражатына деген тәуелділіктің төмендегені байқалады. Бюджет 98,2% игерілді. Ауданның өз кірісі 2022 жылы 3 млрд. теңге болса, 2023 жылы 3,2 млрд. теңгеге өскен. Бұл бағыттағы жұмыстарды биыл да жүйелі түрде жалғастыру қажет», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Арал ауданының әкімі жүзеге асырылатын және алдағы уақытта іске асыруға ұсынылатын жобаларды баяндады. Аудан бюджеті 2024 жылға трансферттер мен кредиттерді қоса алғанда 15,2 млрд. теңге болып бекітілді. Өткен жылмен салыстырғанда 770,1 млн. теңгеге артық немесе 105,3% құрайды. Бюджеттің барлық кірістерінің 21,8 пайызын өз кірістері, 27,7 пайызын субвенция, 49 пайызын трансферттер, 1,5 пайызын несиелер құрайды. Осы жылға арналған өз түсімдері 3,3 млрд. теңге, оның 2,8 млрд. теңгесі немесе 84,1 пайызы аудан бюджетінің, қалған 527,4 млн. теңгесі немесе 15,9 пайызы дербес бюджеттердің түсімдері. Мұнан бөлек, жиында облыстық басқарма басшылары ауданның дамуына қатысты өз салалары бойынша хабарлама жасап, ұсыныстарын жеткізді.

Жобалар мен салынатын нысандар, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және негізгі экономикалық индикаторларға қол жеткізудің жолдары талқыланды.

Жиын қорытындысымен аудан әкіміне биылға межеленген көрсеткіштерді орындау тапсырылды. Сондай-ақ, облыстық басқарма басшыларына «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу және салу, Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдары Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін егуді ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша міндеттер жүктелді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<