Арал дағдарысы: Алаңдаушылық басым

527

0

Әлем жұрты алаңдаған Арал проблемасы бүгінгінің өзекті тақырыбына айналды. Өткен қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясында, қатысушылар назары Арал теңізі мәселелеріне аударылып, Алматыда БҰҰ Өңірлік орталығын құру ұсынылған болатын. Осы орайда облыс әкімдігінде «Арал өңірінің қоршаған ортасы және тұрғындарының денсаулығы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Арал теңізі аймағындағы тұрғындардың қоғамдық денсаулығына негізгі экологиялық қатерлерді анықтау, мониторингтеу және жою бойынша ұсыныстар әзірлеуді мақсат еткен жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және халықаралық сарапшылар, елшіліктер, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Конференцияға ҚР Сенатының вице-спикері Асқар Шәкіров, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямада, Финляндия, Швеция, Венгрия, АҚШ халықаралық ұйымдарының экология және халық денсаулығы проблемалары жөніндегі сарапшылары онлайн қатысты.

Бейнебайланыс арқылы конференция жұмысына сәттілік тілеген Асқар Шәкіров Арал апаты аймақтық та, жаһандық та деңгейде шешуді талап ететін қазіргі заманғы өзекті мәселелердің бірі ретінде БҰҰ-да көтерілгенін атап өтті.

– Қазақстан мен Өзбекстан Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық дағдарысты еңсеруде бірлескен күш-жігер жұмсап келеді. Екі елдің президенттері Арал өңіріндегі өзекті мәселелерді жедел шешуді, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалануды және қоршаған ортаны қорғауды жүйелі түрде айтып отыр. Өтіп жатқан конференцияны біз екі ел, оның ішінде парламенттік байланыстар аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың заңды жалғасы ретінде қарастырамыз, – деді А.Шәкіров.

Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты төрағасының орынбасары Содик Сафоев, USAID жобасының жетекшісі Екатерина Стрикелева қатысып, сөз сөйледі.

Конференцияға онлайн қатысқан ДДСҰ-ның Еуропадағы аймақтық бюро директоры Ханс Клюге Сырдария мен Әмудариядағы, Аралды қоректендіретін осы өзендердің атырауларындағы көл жүйелері мен жерасты суларының азаюы да іргелес аймақтарда тұратын халықтың денсаулығы мен экологиялық жағдайына тікелей әсер ететінін атап өтті. Бұған 2008-2010 жылдардағы және одан бұрынғы кезеңдегі халықаралық және отандық мамандардың ғылыми зерттеулерінің мәліметтері дәлел.

– ДДСҰ-ның сарапшылық техникалық әлеуеті зор және біз Арал теңізі бассейні аумағы тұрғындарының денсаулығына, экологиялық және климаттық өзгерістерге байланысты проблемаларды шешуге қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Ханс Клюге.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Арал дағдарысы қазіргі заманның жаһандық экологиялық проблемаларының бірі ретінде танылып отырғанын атап өтті.

– Мәселе әлемдік су балансын сақтаудың қазіргі жағдайында ерекше маңызға ие. Су ресурстарының жетіспеушілігі, ауызсу сапасының төмендеуі, жердің азып-тозуы, климаттың өзгеруі, халық арасында ең алдымен балалар арасындағы аурулардың өсуі секілді аймақтың маңызды әлеуметтік-экономикалық және демографиялық мәселелері Арал теңізінің проблемасымен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда алдымызда тұрған ең маңызды міндет – экологиялық апаттың қоршаған ортаға және осы аймақта тұратын  адамдардың өміріне тигізетін зиянды әсерін азайту, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сондай-ақ, ол бүгінде Солтүстік Арал теңізінің жағдайы үлкен алаңдаушылық туғызып отырғанын атап өтті. Кейінгі 12 жылда Кіші Аралға келетін су көлемі 9 миллиард текше метрге түсіп, бұл теңіздегі су көлемінің 27-ден 18 миллиард текше метрге дейін азаюына әкелді. Себебі, Кіші Аралға судың келуі қалдық принципі бойынша жүреді.

Арал өңірі тұрғындарының денсаулық көрсеткіштері туралы мәліметтер көңіл көншітпейді. Аурудың көптеген түрлерінің өсімі бүкіл ел бойынша жоғары. Мәселен, бес жылда жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының саны 42 пайызға өсті. Эндокриндік жүйе ауруларының статистикасы республика бойынша орташа көрсеткіштен жеті пайыздан астам жоғары, қатерлі ісік ауруы жоғары деңгейде. Қызылорда облысы зат алмасуға байланысты аурулар бойынша Қазақстанда бірінші орында. Өкінішке қарай, нәресте өлімі төмендегенімен, әлі де республикалық деңгейде жоғары болып отыр. Биылғы тоғыз айда облыста 150 бала шетінеді. Ана өлімі де жоғары деңгейде.

Жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова кейінгі жылдары мемлекет тарапынан Қызылорда облысында қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде елеулі шаралар қолға алынып жатқанына тоқталды. Оларды жүзеге асыру экологиялық жағдайды біршама жақсартуға ықпал етті. Дегенмен, Арал апатының өңір халқына кері әсері одан әрі ауқымды жұмыстарды жүргізуді қажет етеді.

Биылғы сәуір айында Сенат жанынан құрылған арнайы комиссия мүшелері өзбекстандық әріптестерімен бірге Арал ауданында болып, Кіші Аралға жақын орналасқан елді мекендерді аралады. Сапарға Халықаралық Аралды құтқару қорының, БҰҰ мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері де қатысты. Сол кезде де Өзбекстан мен Қазақстанның Арал теңізін қалпына келтіру, оның құрғау салдарларымен күресу және Арал өңіріндегі экологиялық жағдайды жақсарту саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Ақмарал Әлназарова Арал өңіріндегі климаттың әсерін және табиғи ортаның азып-тозуын тоқтату үшін Сырдария өзені мен Солтүстік Арал теңізін сақтау мәселелерін шешуде жалпыға бірдей қабылданған халықаралық конвенциялар мен стандарттарға сәйкес түбегейлі қадам қажеттігін атап өтті.

– Экономиканың барлық салаларында климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын қабылдау қажет. Әсіресе ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиясы мен ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу керек. Таяу жылдарда құрғап қалған теңіз табанына орман өсіру, мал шаруашылығын дамыту үшін ұңғымалардың айналасында оазис жүйесі жасалуы қажет. БҰҰ қамқорлығы аясында терең зерттеулер жүргізіп, тиісті ұсынымдар әзірленуі керек, – деді сенатор.

Конференцияда ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова Арал апатының халық денсаулығына теріс әсері туралы баяндады.

– Арал өңірі проблемасын БҰҰ өзінің салдарымен Орталық Азия мен планетаның басқа да өңірлерін қозғайтын жаһандық деңгейдегі проблема деп таныды. Оны шешу үшін халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыру қажет, – деді ол.

Өңірдің проблемаларын шешудегі Қазақстанның тәсілдері туралы айта келе, вице-министр жиынға қатысушыларды Арал өңірі халқының денсаулығын сақтау және нығайту бойынша қабылданып жатқан заңнамалық бастамалар туралы хабардар етті. Мәселен, «Арал өңіріндегі экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңында адами және табиғи әлеуетті дамытуға бағытталған шаралар көзделген. Сонымен қатар, апат аймағында зардап шеккен азаматтардың мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуы айқындалған.

Сондай-ақ, Айжан Есмағамбетова ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоршаған ортаның жай-күйіне тұрақты негізде санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіп отырғанын, Арал өңірі халқының денсаулығы нашарлай беретінін атап өтті. Кейінгі 30 жылда халықтың жалпы сырқаттануы 3 еседен астам өскен. Тыныс алу органдары ауруларының деңгейі шамамен бір есе, туа біткен ауытқулардың деңгейі 10 есе өсті.

Өңірдің қалыптасқан экожүйесінің халық денсаулығына әсерін зерделеу, ғылыми зерттеулер жүргізу және нақты жобаларды іске асыру үшін жетекші халықаралық институттардың бірлескен күш-жігері мен ғылыми әлеуетін біріктіруді талап етеді. Климаттық дағдарыс шиеленіскен сайын денсаулыққа осындай жағымсыз салдарлар әлемнің басқа елдерінде де байқалатын болады. 2021 жылы БҰҰ-ға мүше мемлекеттер Арал теңізін экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы деп жариялады. Экологиялық және климаттық дағдарыс жағдайында Арал проблемасын зерттеуге мемлекеттердің инвестициялары қоршаған ортаны қорғау және халықтың денсаулығын нығайту саласындағы өңірлік қауіпсіздікке жол ашуы мүмкін.

Конференцияға қатысушылар атап өткендей, Арал теңізінің тартылуы қазіргі заманның жаһандық экологиялық апатына әкеліп соқтырды. Кеуіп қалған теңіз түбінің орнында бес миллион гектарға жуық тұзды шөл пайда болды. Оның экожүйеге орны толмас зиянын шамалау үшін мамандар ауаны, топырақты, суды, тамақ өнімдерін тұрақты бақылауда. Жиында Ұлттық сараптама орталығының басқарма төрағасы Ерлан Қиясов ҰСО зертханалары жүргізген өңірдің су қоймаларын, ауасын және топырағын зерттеу нәтижелерін бөлісті.

– 2019-2021 жылдар аралығында біздің орталықтың зертханаларында санитариялық-эпидемиологиялық мониторингтің ашық су қоймаларынан бейорганикалық қосылыстар мөлшерінің шектен асып кеткені анықталды. Сәйкессіздіктің үлес салмағы 31,6%. Ал, микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік 32%-ды құрады, – деді ҰСО басшысы.

Кейінгі үш жылда ауаны зерттеу нәтижелері бойынша күкіртсутек, күйе және қорғасын құрамының артуы жиі анықталды. Ал, топырақта санитарлық-химиялық зерттеулер жүргізу кезінде 0,4 жағдайда қорғасын табылған.

Конференцияда шетелдік және отандық ғалымдар сөз сөйлеп, өз зерттеулерінің нәтижелері мен экологиялық апаттың халық денсаулығына қауіп төндіретіні туралы тұжырымдарын айтты. Сондай-ақ, қоршаған ортаның өзгеруіне байланысты халықтың денсаулығына зиянды факторлардың әсерін болдырмау және жою бойынша шұғыл және ұзақ мерзімді бірқатар іс-шаралар ұсынылды.

Жоғары деңгейде өткен конференция қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдар шешім қабылдау үшін Қазақстан мен Өзбекстан парламенттеріне, басқа да мемлекеттік құрылымдарға жіберіледі.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<