Арал жастары дауыс беруге белсенді қатысуда

618

0

Биылғы Парламент Мәжілісі пен мәслихат депутаттарының сайлауынан Арал жастары алдыңғы лектен көрінуде. Әсіресе кәмелет жасына енді толған бозбала мен бойжеткендер үшін сайлауда дауыс беру әрі қызықты, әрі жауапты міндет екені көрініп-ақ тұр.

Арал қаласындағы аудандық мәдениет үйінде орналасқан №48 сайлау учаскесінің табалдырығын аттаған жас сайлаушы Рамазан Толғанбеков дауыс беретін күнді асыға күтіп жүріпті. Ол өзі алғаш рет таңдау жасаған партия ел болшағы үшін қызмет ететін заңдардың қабылдауына күш салады деген сенімде.

– Болашақ жастардың қолында дейміз. Сондықтан да мемлекетіміздің мызғымас іргетасын қалауға әр қатарласым өз үлесін қосуы тиіс деп санаймын. Бүгінгі сайлау сондай мүмкіндіктің бірі. Себебі, біз өз дауысымыз арқылы ертеңгі күнге жол қалап, бағытымызды айқындауға септігімізді тигізбекпіз. Ал мұндай тағдыршешті сәтте ортақ істен шет қалу азаматтығымызға сын деп білемін. Өйткені, бүгінгі біздің кішкентай қадамымыз болашақтағы үлкен жетістіктердің бастауы болмақ. Бір қуантарлығы, сайлауға халық көптеп қатысуда. Өзім дауыс бергеннен кейін де сырттай бақылап тұрдым. Жастар да, қариялар да келіп таңдауларын жасауда. Ең көбі орта буындағы тұрғындар. Осы ретте жастардың да таңдау жасауға деген ықыласы арта түссе деген ниеттемін, – дейді аралдық жас сайлаушы Рамазан.

Естелік ретінде жас сайлаушыға сыйлық табысталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<