Осы аптада Арал ауданында тұңғыш рет «Арал Инвест» форумы өтті. Оған еліміздің бірқатар облысы мен аудандардан инвесторлар келді. Шараның басты мақсаты – кәсіпкерлік аясын кеңейту, туризм саласын дамыту және инвестиция көлемін арттыру. Форумды аудан әкімі Серік Сермағамбетов ашып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтып өтті.
– Кейінгі бес жылда ауданда тіркелген шағын орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2368 бірлікке, яғни 1,7 есеге өскен. Бұған қоса, сауда саласы бойынша жыл басынан бері бөлшек сауданың көлемі 6,3 млрд теңгеге, ал көтерме сауда 13 млрд теңгеге жетті. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданға инвестор боламыз деген азаматтарға жер телімдерін алу, тиісті инфрақұрылымдар жеткізу, салалық сүйемелдеу жұмыстары және басқа да қолдау шаралары қарастырылған. Сондықтан форум жұмысы өз нәтижесін беріп, сіздердің жаңа идеяларыңыз, жобаларыңыз бен бастамаларыңыз өңіріміздің дамуына өз септігін тигізеді деген сенімдемін, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, аталған ауданда Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында 9 жоба енгізіліп, оның 2-і іске асқан. Нақты кезеңде жалпы құны 160 млрд теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылуда. Олар толық іске қосылғанда 1352 адам жұмыспен қамтылатын болады. Бұдан бөлек, биыл бірыңғай Индустрияландыру картасына қосымша жалпы құны 5 млрд 674 млн теңге болатын 5 жоба енгізу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл нысандар іске қосылғанда 500-ге жуық жергілікті азамат жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Жағымды жаңалыққа келсек, жуырда аудан орталығында «Кәсіпкерлер үйі» жұмысын бастап, аудан басшысының шақыруына үн қатқан «Банк Центр Кредит» АҚ облыстық филиалы мен «КМФ» шағын қаржы ұйымы өз бөлімшелерін ашты. Осылайша, жергілікті кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалып жатыр.
Мұнан соң жиынға қатысушылар кәсіпкерлік саласын өрістету мен инвестиция көлемін ұлғайту бойынша пікірлерін білдірді. Түрлі сала өкілдері мен тиісті мамандар, кәсіпкерлер Арал ауданына инвестиция тарту және инвесторларға жасалатын қолдаулар туралы баяндамалар жасады.
Соңында бесжақты меморандум жасалды. Арал ауданы әкімдігінің бастамасымен «Арал Полимер» ЖШС-ның «Қап шығару жобасы» бойынша инфрақұрылым тарту мен өндірілген өнімді өткізу бойынша «Арал СДО» ЖШС, «Арал Тұз» АҚ, «Арал Кварц» ЖШС келісімге қол қойды. Сондай-ақ осы басқосуда Арал ауданы әкімдігі мен «ЮгГазПроект» ЖШС арасында меморандум болды. Құжаттың мақсаты – ауданда орналасқан елді мекендерді газдандыру бойынша жоба-сметалық құжаттарын аталған демеушілердің көмегімен әзірлеу.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<