Аралдың абызы – әз атам

415

0

Фото: автордан

Бағып-қағып өсірген ата-анаңның ақ батасын алып, басқа әулеттің босағасынан аттау – қыз баланың маңдайына жазылған тірлік. Барған жерім қандай болады екен? деп барлық бойжеткеннің іштей ойлайтыны да рас. Мен Аралдағы ең белгілі үлкен шаңыраққа келін боп түстім. Жас болсам да мойныма белгілі бір жауапкершілік жүктелгенін де сездім. Сол жауапкершілікке қылаудай сызат, нүктедей дақ түсірмеуге, ата-енемнің әр күні «Бақытты бол, қарағым!» деп риясыз айтқан алғысын алып отыруға серт бергендей күйге ендім. Қай кезде де өзімнен бұрын үйдегі қарттарымның көңіл-күйлері, жай-жағдайлары маңызды болды. Өйткені, атам есімі елімізге белгілі атақты журналист қаламгер еді. Ол менің түсінігімде даралық пен даналықтың ерекше эталоны болатын. Осындай атамның күнделікті шай-суын дайындап, өлшеусіз үлгі-өнегесін көру, ақылын тыңдау, тәлімді де тағылымды өсиеттеріне құлақ асу – менің маңдайыма жазылған үлкен бақыт еді.

Атамның жетпіс-сексен жылдай үзбей жазған қаламгерлік жазбалары – өз өміріміздің, өткен дәуіріміздің энциклопедиялық тарихнамасы десем артық болмас. Әр мақаласы өмірдің мазмұнын, адамдарының тіршілік-тынысын айқын көрсетіп тұратын. Алайда ол кісінің өмірі біз ойлағандай тым-тым жайбарақат болмапты. Балалық шағы қиындықтармен басталғанын да кейін білдім.

Атам  Шәкірат Дәрмағамбетұлы 1928 жылы 29 желтоқсан (құжатта 1 шілде) Арал ауданына қарасты ұлы теңіз жағалауындағы балықшылар мекені Қаратерең ауылында дүниеге келген. Терістүбек қыстағында орналасқан бастауыш мектепте алғаш әріп танып, кейін Қаратереңдегі жетіжылдық мектепте білім алған. Бала кезінен зейіні зерек, жан сарайы білімге құштар болып өскен атам қарапайым шаруа отбасынан шыққан. Зобалаңы мен зұлматы көп заманда ол кісінің балалық шағы болған жоқ деуге болады. Бала болып еркін ойнай алмаған. Қара сирақ кезінен көзін тырналап ашып, колхоздың қара жұмысына таңертең ерте кетіп, қас қарая шаршап-шалдығып кеш келетін. Балалық шағын сұм соғыс аяусыз ұрлап кеткен екен.          

Неміс фашизмі жер-жаһанды қанға бояу мақсатында сұрапыл соғыс бастаған тұста әкесі Дәрмағамбет еңбек армиясына алынып кетіп, он екі жастағы бала отбасының бірден-бір асыраушысы болып қала берген. Балықшылықтың ауыр еңбегіне өте ерте араласқан. Дегенмен тағдырдың өте ауыр сынақтарына қайыспай төтеп беріп, күндіз мектепте оқуын оқыса, кешке қара қайыққа мініп, ау төгіп, теңізден балық аулап, күндік нәпақа тауып, отбасын асыраған. Осындай қилы кезеңде бұғанасы енді ғана қатып келе жатқан бап-балғын кішкентай баланы өмір ерте есейткен.

Атамның қайбір күндері өзінің өмір жолының бастауынан айтқан қоңыр әңгімелері құлағымызға әбден сіңісті болған. «Соғыс 1941 жылдың маусым айында басталды. Тұтқиылдан соғыс басталғанда, мен бесінші сыныпта оқитынмын. Әкем байырғы балықшы. Оны қан майданға алмағанмен, 1942 жылдың қақаған қысының ақпан айында еңбек армиясына алып кетті. Қаудыраған шалдар, күйеулері қан майданда қаза тапқан жесір әйелдер колхоздың қара жұмысына жегілген. Қыстай көл үстіне шығып қамыс орады, жазда шөбін оруға, жылдың қолайлы уағында балық аулауға қатысады. «Бәрі де майдан үшін!» деген айтулы ұран бар. Ол ұранға үлес қоспаған адам жоқтың қасы. Төртінші, бесінші сыныптың кішкентай балаларына дейін толқын атқан теңіздің басында жүріп, маңдай терін сылып жұмыс жасап, үлкендерше еңбек етті. Сол уақытта ауылдың адамдарын осы көк теңіз анасындай асыраған» деген атам өткен өміріне ойша барып қайтады.

Бұл өмірдің ащысы да, тұщысы да қатар жүретіні анық. Сондай қиын заманда атам да жігерін жасытпай, аяқ астынан келген соғыс уағындағы барша қиындыққа төтеп берген. Мектепті ойдағыдай бітіріп, жоғарғы оқу орнын тәмамдап, үлкен өмірге қадам басқан. Ұзақ жылдардағы қаламгерлік ерен еңбегі еленіп, даралық, тұлғалық, қайраткерлік болмысы бағасын алып, қазір Арал ауданының «Құрметті азаматы» атанып отыр. Осы күнге жеткеніне мың бір шүкіршілік айтып отырады.

«Балалық шағымызда нанға тоятын заман туар ма екен деп көп армандаушы едік. Колхоздың балық кәсіпшілігі басынан пәленбай шақырым жер жүріп, түннің бір уақытында келгенде, қызуы басылған ошақтың мойнында бір стакан су, бір уыс жүгері тұрады. Келе сала соны жеп алатынбыз. Онда да бар болса жейміз, жоқ болса әлгі жылымшы суды ішіп жата кетеміз. Ал сендер сөрелерде тұрған ақ нанды таңдап жейсіңдер. Сондықтан сендер бақытты балаларсыңдар» деп біздерге, немерелеріне еңбекпен келген наның тәтті екенін әрқашан еске салып, қадір-қасиетін танытып отырады.

Хикаятшыл атамың әңгімелеріне құлақ қойып отырып, өзінен жазып алған «Май шам», «Хром етік», «Задел», «Шортан балықтың шатағы», «Құпия аралдағы Кочумов», «Ганс Меркельдің хикаялары», «Түйелі байдың қызы едім…», «Қара жайын» және тағы басқа да қызықты-қызықты әңгімелері көп. Атам кейде: «Бүгін сендерге қызық әңгіме айтып беремін» дегеннен кешкі шайға ерекше ықыласпен дайындалып, ата қашан шайға келеді, қашан бастайды екен деп асыға күтеміз. Атам қазір де қолы босай қалса, келелі ақыл-кеңесін, таңғажайыпқа толы ұзақ әңгімелерін майын тамызып айтып отырады.

Айтпақшы, Қызылорда педагогикалық институтын бітірген атам алғашқы еңбек жолын сонау Атырау аймағындағы мектепте ұстаз болудан бастаған. Кейін елге келіп Арал аудандындағы Шөмішкөл, Октябрь, Қаратерең мектептерінде директор қызметін абыроймен атқарады. Қай қызметте болса да, елдің дамуына, рухани өсуіне бір адамдай үлес қосты. Әрқашан жаңашылдықтың бастамашысы болды.

Атамды ақылы кемел дана адам деп есептеймін. Өйткені, ол қай кезде де салмақты, даусын көтеріп адам баласына қарсы келмейді. Қай мәселені де парасаттылықпен, сабырмен, байыппен шешеді.

Үйде өзінің кабинет-бөлмесінде шамды жағып қойып, алақандай-алақандай қағазға мақала-очерктерін жазып отырғаны да керемет. Сол алақандай қағаздан көлемді жазбалар шығып, оқырмандарға жол тартады. Мақала жазғанда көңіл сүзгісінен өткізіп, жылы жүрекпен жазады. Жасы тоқсан беске келсе де, ізденіс, үнемі оқу үстінде отырады. Білуге деген құштарлығы әлі мысқалдай да кемшін тартпаған.

Ойшыл атамның тауып айтар айтқырлығы да бар. Ара-арасында әзілдерін де газеттерге жариялап тұрамын. Затым әйел баласы болған соң, кейде үйдегі таусылмайтын көп тірлікте біріне үлгерсем, біріне үлгірмей жатамын. «Шәй қайда, тамақ қайда? Үй неге жиналмаған? Анау қайда, мынау қайда?» деп ешқашан да айтып көрмеген. Ешкімге жалтақтамай өз бетінше өмір сүріп келеді. Әр істі сұңғыла оймен сараптап, сабырмен күтетін мінезге бай жан. Шақырған жерге барғанда дастарханнан алған тәттісін арнайы алып келіп, ересек бізге де, «атам келді» деп құлдыраңдай алдынан жүгіре шыққан немерелеріне де бір-біреуден асықпай үлестіреді. Біздің үйіміздің ортаймас берекесі де, тарқамас мерекесі де өзі. Әрқашан біздің амандығымызды ақ тілеуімен тілеп отыратын тілекшіміз.

Бірнеше дәуірдің куәгері болу пешенесіне жазылған ардақты да абыз атамның 95 жылдық мерейтойы да келіп қалды. Осы айтулы күн алдында «Қаламгер асуы» атты қос қалың томдығы баспадан шығып, атамызды бір қуантып, төбесін көкке жеткізіп отыр.

Келіні менің де, сөзіне ұйыған барша елінің де тілегі сол – дана да, дара атамды ғасырлық мерейтойлық жасының асқақ тұғырында көргіміз келеді.

Динара СӘПИҚЫЗЫ,

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<