Аралдықтар енді алысқа сабылмайды

2

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, облыс прокуроры Ризабек Ожаров пен облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Тлеумбетов, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ вице-президенті Серік Қожаниязов Арал аудандық ауруханасына жапсарлас салынған 51 төсектік ғимаратты көріп, жұмысымен танысты.

Ғимарат құрылысын «Ұлт саулығын нығайту» ұлттық бастамасы аясында қайтарылған активтер есебінен бөлін­ген 2,3 млрд теңге қаржыға «Иман» серіктестігі салды. Жаңа нысанда 17 тө­сектік нейро-инсульт және 34 тө­сектік кардиология бөлімшелері жұмыс істейді.

Алдағы уақытта орталықты зама­науи меди­циналық құрал-жабдық­тармен, атап айт­қанда, магниттік-резо­нанстық томография және ангио­граф қондырғыларымен жабдықтау жос­парланған. Бұл бөлімшелер аудан тұрғындарының Ақтөбе және Қы­зылорда қалаларына бармай-ақ, жер­гілікті жерде жоғары деңгейлі меди­циналық тексеруден өтуіне, ем алуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Арал ауданын­дағы инфра­құрылымдық жобаларға және әлеуметтік нысандар салуға бюджеттен 38 млрд 740 млн теңге қаржы бөлінді. «Келешек мектебі», «Руханият орта­лығы», «Қамқорлық» оңалту орталығы, 150 пәтерлік 75 тұрғын үй, теміржол үстінен өтетін көпір пайдалануға берілді.

Сексеуіл кенті табиғи газ желісіне қосылып, мұнда да 300 орындық «Келешек мектебі» мен 40 төсектік аурухана іске қосылды. Тоқабай ауы­лында жаңа дәрігерлік амбулатория, демеушілердің қолдауымен апатты жағдайдағы мектептің орнына 500 млн теңгеге жаңа білім ошағы салынды. Жақында елді мекен таза ауызсумен қамтылды.

Ақшатау ауылында 60 орындық жаңа мектеп шәкірттерін қабылдады. Ақбасты, Ерімбетжаға және Тастүбек ауыл­дарына орта­лықтандырылған ауызсу желісі тартылды. Ал Абай ауылы тұр­ғындарын ауызсумен қам­тамасыз ету жұмыстары жақын күндері толық аяқталады.

Шижаға елді мекеніне де табиғи газ келді, Қамыстыбас ауылында 6 млрд 300 млн теңге қаржыға автомат­тандырылған газ тарату стансасы іске қосылды. Аталған станса арқылы Арал ауданына қарасты 18 елді мекендегі 15 мыңға жуық тұрғынды «көгілдір отынмен» қамтуға мүмкіндік бар.

Жыл басында Мергенсай ауылында құры­лысына 2 млрд 333 млн теңге қаржы бөлінген 150 орындық жаңа мек­­теп пайдалануға берілді. Бұдан бө­лек, «Қазақстан Темір жолы» ұлттық ком­­па­ниясының қолдауымен аудан аумағындағы темір­жол вокзалдарына күр­делі жөндеу жұ­мыстары жүр­гізілуде.