Арал ауданына тартылған инвестиция көлемі артқан. Былтыр ауданға тартылған 16,7 млрд теңгенің 70 проценттен астамы ауылдық елді мекендерге тиесілі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Серік Сермағамбетов айтты.
Былтыр ауданның кірісі 5,1 млрд теңгеге жетіп, өнеркәсіп орындары 24,6 млрд теңгенің өнімін өндірген. Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы аясында 1620 адамды жұмыспен қамтитын 162 млрд теңгенің 9 жобасы іске асырылуда. Оның ішінде кварц құмын өндіру бойынша тау-кен комбинаты мен ас тұзын өндіру цехы іске қосылған. Тауарлы балық өсіру, титан өндіру, кальцийлендірілген сода зауытын салу секілді 7 жоба бойынша жұмыстар жалғасуда.
– Былтыр Арал мал және балық шаруашылығын дамыту бойынша аудандар арасында үздік деп танылды. 13,4 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Саланы дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы бекітіліп, үш бағыт айқындалды. Бірінші кезекте жайылымдық, шабындық және егістік жерлерді суландыру мәселесін алға қойдық. Барлығы 13 су ұңғымасы қазылып, 10 канал тазартылып, 5 тоспа салынды. Екіншіден, егін шаруашылығын дамыту қолға алынды. 2021 жылға дейін екі елді мекенде ғана егін егіліп келсе, жол картасы аясында көрсеткіш 11-ге жетті. Үшінші бағыт бойынша «Қамыстыбас» және «Ақшатау» көлдер жүйесін ретке келтіру үшін дарияның «Бұрмақұлақ» учаскесін бөгеп, «Аспай» суағытқысы іске қосылды, – деді Серік Сермағамбетов.
Жалпы жол картасы аясында 30 жоба іске асырылып, ауданға 792 млн теңге инвестиция тартылған. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлік саны 6 мыңнан асып, олардың жұмыс істеп тұрғандарының үлесі 95,2 пайызға жеткен. Ауданда кәсіпкерлікті қолдау шаралары да қарқын алып, мемлекеттік бағдарламалар мен қаржы институттары арқылы 1910,7 млн теңгенің 142 жобасы несиелендірілген. Бұдан бөлек, құрылыс саласы да қарқын алып, 29 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген.
– Сондай-ақ, аудан бойынша жер учаскесін алуға 7 мыңнан астам адам кезекте тұр. Осы кезекті азайту үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Арал қаласындағы №5 және №6 шағын аудандарында электр және су желісінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Бұл бағытта республика бюджетінен 567 млн теңге, биыл құрылыс жұмыстарын аяқтауға облыс бюджетінен 62 млн теңге қаралды. Бұл өз кезегінде жер алуға 2008-2011 жылдары кезекте тұрған 1043 тұрғынның өтінішін қанағаттандыруға мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, былтыр ауданда 3067 жаңа жұмыс орны ашылған. Білім саласында да бірқатар жобалар қолға алынып, «Балалар жылына» орай аудан орталығында 2 ойын-сауық орталығы, демеушілер есебінен 6 ойын алаңы ашылды. Сондай-ақ, ауданда 5 балабақша пайлануға берілді. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 2023-2024 жылдары 4 мектеп салынып, бір мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Биыл бір мектептің құрылысы басталады.
Брифингте аудан әкімі алдағы міндеттерді де атап өтті. Ауданның әлеуметтік-экономикалык проблемаларын шешуге бағытталған 52,4 млрд теңгенің 96 жобасын қаржыландыру үшін тиiстi салалық министрліктерге бюджеттік өтінімдер тапсырылған. Оның ішінде биыл құны 9,1 млрд теңгенің 14 жобасы іске асырылатын болады. Қалғанын қаржыландыру мақсатындағы жұмыстар жалғасуда.
Сондай-ақ, индустрияландырудың үшінші бесжылдығы аясында 1352 адамды жұмыспен қамтитын 158,6 млрд теңгенің 7 жобасы іске асырылады. Бұдан бөлек, биыл «Тезис» компаниясы 10 млрд теңгеге ауылдарда күн сәулесі электрстанцияларын орнату жобасын жүргізеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<