«Аралтұз» ақционерлік қоғамы қашанда қайырымдылық шараларынан қалыс қалған емес. Осы жолы да солай болды.
Арал ауданаралық ауруханасына «Аралтұз» АҚ мен «Аралсода» ЖШС-ның демеушілігімен алынған медициналық құрал-жабдықтар табысталды. Мұндай игілікті қадам теңіз төскейіндегі қабырғалы қауымның көңілін серпілтіп, жомарт жүректі демеушілерге деген жұртшылықтың ризашылығын туындатты.
Шара барысында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ауруханаға қажетті заттарды алуға қомақты қаржы бөліп, демеушілік жасағаны үшін «Аралтұз» АҚ президенті Айдынбек Тауасаровқа аудан тұрғындары атынан алғысын білдіріп, халықтың денсаулығын нығайту жолында қалтқысыз қызмет жасап жүрген медицина қызметкерлеріне табыс тіледі.
Осылайша «Аралтұз» АҚ мен «Аралсода» ЖШС-ның 50 миллион теңге қаражатына керекті медициналық құралдар мен материалдар алынды. Қайырымдылық көмек аясында 23 оттегі концентраты, 200 медициналық төсек пен 400 төсек-орын жабдығы, 200 медициналық қорғаныс құралы мен маска жиынтықтары табыс етілді. Аталған қоғамның жомарттығы мұнымын шектеліп қалмайды. Көмек көрсетудің келесі кезеңінде, яғни, қыркүйек айында 2 жедел жәрдем машинасы, 100-ден астам газ баллон, сәулелендіргіш, медициналық функционалды төсек ауданаралық ауруханаға берілетін болады.
Ауруханаға берілген төсек жабдықтарының баршасы «Арал қаласы бойынша мүмкіндігі шектеулі мүгедектерді қолдау мен қорғау бірлестігінің» төрайымы Индира Жұмашеваның тігін шеберханасында тігілгенін атап кету қажет.
Медициналық құралдарды табыстау сәтінде «Аралтұз» АҚ президенті Айдынбек Тауасаров «Қазақстан – бәріміздің ортақ Отанымыз. Бұл – біздің үйіміз. Осында менің жақындарым, балаларым өмір сүреді. Жұмыс жасап жатырмыз. Әлеуметтік жауапты компанияның басшысы ретінде мен де, ұжым да ортақ істен қалыс қала алмаймыз. Арал ауданында шұғыл медициналық қажеттіліктердің барын түйсіне отырып, аудандық аурухана үшін медициналық жабдықтарды сатып алуға шешім қабылдадық» деді.
Арал ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<