Елімізде отандық тауарөндірушілерді қолдау бағытындағы шаралар кеңінен іске асырылуда. Мемлекет қолдауының нәтижесінде облыста өндірістік орындар жыл сайын артып келеді.
Соның бірі Арал қаласында 2018 жылы қайта жаңғыртылып, іске қосылған «KZ-МВК» серіктестігінің ұн өндірісі. Бұл өндіріс кешені тұрғындардың бидай ұнына қажеттілігін барынша қамтамасыз ету және азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында іске қосылған.
Соңғы екі айда 130 тонна ұн өндіріліп, аудан төңірегінде «Аралым» брендімен сатылымға шығарылуда.
Компания астық қалдықтарын (кебек) пайдалана отырып, құрама жем өндірісін де қолға алған. Қазіргі таңда өндірісте 15 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіліп отыр.
Айта кету қажет, өндірістік орынды қайта жаңғыртуға «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасының қолдау құралдары аясында Ресей жинақ банкінің несие қаражаты бағытталған.
Жалпы Қызылорда облысы аграрлық секторға бағытталған өңір екені белгілі. Соған қарамастан өңір халқымен тұтынылатын өнімдердің басым бөлігі республиканың өзге облыстары мен шет мемлекеттерден әкелінетіндігі жасырын емес. Оны биылғы пандемия жағдайы тағы да дәлелдеді. Бұл ретте, мемлекеттік шаралар аясында отандық тауарөндірушілерді кеңінен қолдау жалғастырылатын болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<