Көші-қон қызметі комитеті қазақстандық жеке тұлғалардың еңбек мигрантын жұмысқа тарту тәртібі туралы айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Комитет төрағасының орынбасары Арман Саданов ел заңнамасында шетелдің еңбек миграттарын жеке тұлғалар да шақыра алатынын айтады. «Жеке тұлға бес шетелдік еңбек мигрантын заң аясында кіргізе алады. Алайда, олардың еңбегін пайдалану арқылы табыс таппауы керек. Мысалы, сіз үй салғыңыз келді дейік. Ол үшін сіз шетелдік еңбек мигранттарын жалдай аласыз. Еңбек мигрантын тіркеу, оған ЖСН алу, медициналық тексерулерден өткізу сияқты жалпыға ортақ ережеден бөлек тағы бір шарт бар. Сіз оны тек тұрмыстық жұмысқа ғана тарта аласыз. Ал оның еңбегінен табыс табуға хақыңыз жоқ. Мысалы, оған палау дайындатып, сата алмайсыз», – дейді комитет өкілі.
Арман Саданов еңбек мигранттарын тіркеу мәселесінде «086» формалы медициналық анықтама алу тәртіптерін оңтайландыру керектігін айтады.
«Аталмыш анықтаманы алу үшін ағза талдауларымен қоса лор, көз дәрігері сияқты мамандардың алдынан өтуі керек. Біздің ойымызша, бұл шетелдіктің уақытын босқа алатын процестер. Ең бастысы, қауіпті және жұқпалы аурулардың болмауын қадағалау. Осы тұрғыда денсаулық сақтау министрлігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Еңбек мигранттары үшін «086» формалы медициналық анықтаманы алу шарттары жеңілдеуі мүмкін», – дейді ол.
Айта кетсек, бүгін елордада көші-қон қызметін көрсету орталықтарының жұмысын жетілдіру мәселесін талқылаған жиын өтті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<