Шиелінің Ы. Жақаев ауылында Сыздық Боқаев атындағы көшеге қойылған ескерткіш-тақтаның ашылу салтанаты болды. Мұнан кейін мәдениет үйінде қазіргі Жақаев ауылының ең алғаш қауымдасуына ұйтқы және ең алғашқы төрағасы болған азаматтың өмірін сан қырынан ашып көрсеткен ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды.
Ескерткіш-тақтаның ашылуында аудан әкімі Ә.Оразбекұлы сөз сөйлеп, ұрпақтың отаншылдық сезімін нығайтуға шақырар шара мәніне тоқталды.
– Шиелі ауданына биыл 90 жыл толғалы отыр. Осы уақыт аралығында бұл өңірде небір айтулы оқиғалар, қоғамдық өзгерістер орын алды. Осы жолда халқы үшін еңбек сіңірген көптеген өнегелі азаматтар болды.
Сол ардақтыларымыздың қатарында «Қызылту» колхозының іргесін көтеріп, ұжымдық тіршілікке ұйтқы болған Сыздық Боқаев ағамыз бар. Солардың ісін жаңғыртып, есімін еске алып отыру – біздің бүгінгі парызымыз, – деді аудан басшысы. Сонан соң бірқатар ардагерлер естеліктер айтты.
Ауылдық мәдениет үйінде Сыздық Боқаев атындағы шахматтан ардагерлер арасында жарыс ұйымдастырылды. Алғашқы сөзді жазушы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Шиелі ауданының Құрметті азаматы, Сыздық Боқаевтың ұрпағы Қуандық Түменбай алды. Қарияның өзінен өрбіген балаларына терең білім беріп, әрқайсысының өмірден өз орнын табуына, парасатты азамат болуына жол сілтеген өнегесі де сөз етілді. Жиын барысында Алматы қаласы тіл басқармасының төрағасы Мамай Қани, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Оразымбетов және басқа да азаматтар сөз сөйледі.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ,
Шиелі ауданы,
Ы.Жақаев ауылы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<