Ардагер ұстазды құттықтады

1031

0

Қала әкімі Асылбек Шаменов үлкен жүректі ұстаз, «Білім беру ісінің үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Күлзия Оспанованы қабылдап, мерейлі 70 жасымен құттықтады.

​Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, кейін №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектеп директоры, Қызылорда қалалық білім бөлімі меңгерушісінің орынбасары, облыстық мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру институтының директоры, қалалық білім бөлімінің басшысы, №233 орта мектеп директоры қызметтерін атқарған Күлзия Оспанова өнегелі өмір жолында біліктілігі мен адамгершілік қасиеттерімен даралана білді.

​Өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқара жүріп, шебер ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткен Күлзия Жұмағалиқызы жинаған мол тәжірибесін, әдістемелік жұмыстарды облыстың барлық мектептеріне енгізумен айналысты. Қызылорда қалалық білім бөліміне басшы болған жылдары қала мектептеріндегі оқу-тәрбие жұмыстарын жандандырып, жүйеге келтірді.

​Көп жылғы білім саласындағы атқарған еңбегі еленіп, «Білім беру ісінің үздігі», «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздіктің 10» және «20 жылдық» мерекелік төсбелгілерімен марапатталды.

​ «Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде төрдегі орын ұстаздыкі» деп ақын Мағжан Жұмабаев айтпақшы, ұрпақ тәрбиесі қашанда ұстазға байланысты. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына әрқашан құрметім ерекше» деген қала әкімі Асылбек Шаменов Күлзия Оспанованың ұлағатты өмір жолы көпке үлгі екендігін жеткізді. Өз кезегінде мерейтой иесі үлкенге лайық құрмет көрсеткен қала басшысына алғысын білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<