Ардагерлер алғысын арқалаған

1082

0

Зейнеткерлерге жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2009 жылы ашылған. Ай сайын орталық 50 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Еңбек ардагерлеріне арналған сауықтыру орны күндізгі жартылай стационарлық жағдайда қызмет алушының қажеттіліктерін ескере отырып, жасына, жағдайына, денсаулығына қарай 7 бағытта жұмыс атқарады.

Атап айтар болсақ, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, экономика және құқықтық бағытта арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері бар.

– Біздің орталыққа келетін ардагерлердің ең үлкені 100 жаста. Былтыр 63 пен 100 жас аралығындағы ардагерлер ем-дом алды. Қызмет алушыларға ауруының сипатын, медициналық көрсетілімдерін, физикалық және психологиялық жай-күйін ескеріп, зерттеп тексеріп, дәрігердің тағайындауы бойынша ем-шара жүргізіледі. Өткен жылы 470 адамға осындай ем-шара жасалды.  Сонымен қатар массаж креслосы, табанға арналған массаж аппараты, УЗТ, парафин, Алмаг-02, ингаляция, электрофарез аппараттары да қолданылады. Ардагерлер аптасына 2 рет «Евразия» спорт кешеніне бассейнге, тенниске, тренажер залына барып, спортпен айналысып денсаулығын нығайтады, – дейді мекеме басшысы  Жанат Адранова.

Облыста мұндай мекеменің республикада бірінші болып ашылуына мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Сейілбек Шаухамановтың үлесі мол болды. Жыл сайын орта есеппен 400-500-дей ардагерлерге қызмет көрсетілсе, 14 жыл ішінде олардың саны бірнеше есе көбейіп, сұраныс артуда.

Мұнда ем-дом алудан басқа  ардагерлердің уақытын көңілді өткізу үшін мәдени-көпшілік шараларды  күн сайын өткізу дағдыға айналған.  Музыка мамандарымен бірге қызмет алушы ардагерлер әрбір атаулы күнде мерекелік шаралармен бірге концерттік бағдарламалар өткізеді. Сонымен бірге қала ішіндегі мәдениет үйлері, кітапханалар, балабақшалар, студент-жастар ұжымдары, «Достық үйінің» еріктілері айтулы мерекелер құрметіне концерттік бағдарламаларымен келіп ем алушылардың көңілді дем алуына, ән тыңдап, би билеуіне мүмкіндік жасайды.

Мекемеде ем алып жатқан Салтанат Байсалова 2009 жылы зейнетке шыққан. Көпбалалы ана бұл орталықтың қызметін 2015 жылдан бері алып келеді.

– Мұндағы қызмет түрлерінің барлығына ризамын. Біздің жасымызда уақытылы демалып, денсаулыққа қараған дұрыс. Әр келген сайын төркінімізге келгендей қуанып қайтамыз. Бір өкініштісі, қала бойынша көп ардагерлер қамтылмай қалады. Енді орталықты үлкейтіп, орын санын көбейтсе дұрыс болар еді, – дейді көпбалалы ана.

«Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» демекші, зейнетке шыққан адамның уақытылы денсаулығына мән беріп, жаңа ортамен араласып, көңіл-күйінің көтерілуіне орталықтың тигізер пайдасы мол.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<