Ардагерлер алқасы

250

0

«Достық үйінде» облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті алқа мәжілісі өтті. Оған алқа мүшелері қатысып, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев кеңеске ұсынылған келелі мәселелерді атап өтті.

Ардагерлер кеңесі жас ұрпақты патриоттық және адамгершілікке тәрбиелеу, саяси тұрақтылықты сақтау, қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз ету бағыттарында жүйелі жұмыс атқарып келеді.

Мәжілісте кеңес төрағасы 718 бастауыш ұйымға біріккен 81 мыңнан астам ардагердің қоғамдық-саяси шараларға қатысуы, әлеуметтік жағдайды жақсарту, жастар тәрбиесіне атсалысу ісінде көптеген іс-шаралардың ұйымдастырылып жатқанын айтты. Бастауыш ардагерлер ұйымдарының қызметін жетілдіру мен олардың белсенділігін арттыру талаптары бойынша жұмыстар жалғасын тапқан.

– Қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүддесін қорғау, материалдық қолдау көрсету – ұйымның басты міндеті. Облыс бойынша бес мыңға жуық ардагерге 13 млн теңгеден астам материалдық көмек көрсетілді. Аға буын өкілдерінің Арыстан баб, Түркістан және Хорасан баба, Оқшы ата, Сунақ ата кесенелеріне зиярат етуі ұйымдастырылды.

Қазақ халқының даналық, ғибратты сөздерінің тәрбиелік мәнін ұғындыру мақсатында көптеген шара өткізіліп тұрады. Әрбір кездесуге алқа мүшелері, этнос өкілдері мен жастар қатыстырылды. Олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысу, дәрігерлік көмек көрсетілуіне ықпал жасау міндеттері орындалуда. Мерейтойларына орай әр сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Жиырмадан астам адам «Қызылорда облысының құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталды.

Алдағы уақытта «Іскерлік және жанашырлық» пилоттық бағдарламасы бойынша жалғызбасты, асыраушысынан айырылған, мүгедек тыл ардагерлеріне қолдау көрсету мақсатында жұмыстар жүргізілмек, – деді Серік Әбішұлы.

Алқа мәжілісінде ардагерлер кеңесінің алдағы жылы атқарылатын жұмыс жоспары таныстырылды. Жиын қорытындысында облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті алқа мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<