Ардагерлер арасындағы сайыс

1402

0

Нақты кезеңде облыстық ардагерлер кеңесі аймағымыздағы жалпыұлттық идея рухында патриоттық және адамгершілік тәрбиелеу, қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың лайықты әлеуметтік-жағдайын қамтамасыз ету бағыттарындағы жұмыстарға айтулы үлестерін қосуда. Ел бірлігі мен ынтымағының ұйытқысы саналатын еңбек ардагерлері өмір ағымынан қашанда қалыс қалған емес. Жастар тәрбиесіне елеулі үлес қосып, қоғамға үлгі көрсетумен бірге түрлі байқаулар өткізіп тұрады. Осы аптада Қызылорда қаласында «Қазақтың даналық, ғибратты сөздері» атты шежірелі ардагерлердің облыстық байқауы өтті.

Байқауды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өнер сайысына Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен барлық жеті ауданнан іріктелген мықтылар қатысып, жарыс көрігін қыздырды. Ал оларға ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Махмұтбай Әміреұлы мен тележурналист Шаһизада Әбдікәрімов және белгілі айтыскер ақын, Қазақстан Республикасының өнер қайраткері Серік Ыдырысов қазылық етті.

Ардагерлер арасындағы сайыс

Байқау нәтижесі бойынша өрнекті өнерімен көзге түсіп, жүзден жүйрік шыққан Жалағаш ауданының тұрғыны, 83 жастағы еңбек ардагері Байділда Сәрсенов І орынды қанжығасына байлады. Келесі жүлделі орынды Байқоңыр қаласынан келген еңбек ардагері Дәріқұл Махамбетов иеленсе, қызылордалық Қазынагүл Өзденбаева ІІІ орынды қанағат тұтты. Жүлдегерлерге диплом мен қаржылай сыйлықтар тапсырылды. Сондай-ақ, белсенділік танытқан қатысушылар облыстық ардагерлер кеңесінің «Алғыс» хаты және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Кеш ұлттық өнердің аясын кеңейтіп, даналығын үлгі етер аға буын өкілдерінің өз өнерлерін ортаға салуымен аяқталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<