Ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісі

659

0

Наурыз мерекесі  қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың қатысуымен «Достық үйінде» облыстық ардагерлер кеңесінің алқасы мәжілісі өтті.

Қайрат Ырзақұлұлы облыстық ардагерлер кеңесі аймағымыздағы жалпыұлттық идея рухында патриоттық және адамгершілікке тәрбиелеу, саяси тұрақтылықты сақтау, қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз ету бағыттарында үлкен жұмыстарды үйлестіріп келе жатқанын атап өтті. Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы Жолдауындағы жаңа міндеттерге тоқталды.

Мұнан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев 728 бастауыш ұйымға біріккен 75 мыңға жуық ардагерлердің  қоғамдық-саяси шараларға қатысу, әлеуметтік жағдайларды жақсарту, жастар тәрбиесіне атсалысу ісінде көптеген іс-шаралардың ұйымдастырылып келетінін айтты. Бастауыш ардагерлер ұйымдарының қызметін жетілдіру мен олардың белсенділігін арттыру талаптары бойынша жұмыстар жалғасын табуда.

Мәжілісте ардагерлер Ержан Уәйіс, Қазыбай Құдайбергенов Президенттің елдің тұтастығын сақтап қалуда жасаған қадамдарын ерекше бағалады. Облыс ардагерлерінің «Жаңа  замандағы жаңа  Қазақстан» бастамасы халықтың түрлі топтарына, оның ішінде жастарға тағылымы мол, ұлттық құндылықтар негізінде тәлім-тәрбие беру мақсатында, жастарды заманауи бағытта тәрбиелеп, қоғамда өз орындарын табуларына бағытталған ұсыныстарын бекітіп, жариялылығын қамтамасыз ету және іс-жүзіне асыру барысын ардагерлер ұйымдарында талқылауға жолданды.

Мәжілісте Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің есебі тыңдалды және облыстық ардагерлер кеңесінің 2022 жылға арналған жұмыс жоспары таныстырылды. Жастарға патриоттық тәрбие беруді үйлестіру, ардагерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысу, оларға материалдық, медициналық көмек көрсетілуіне ықпал жасау, моральдық қолдау көрсету, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуларына мүмкіндік жасау, ардагерлер арасында спорттық-сауықтыру және мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастыру ардагерлер кеңестерінің міндеттері болып қалады.

Алқа мәжілісінде мерейтойына орай облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары К.Ермағамбетоваға облыстың және ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасы мен «Облыстың құрметті ардагері» төсбелгісі табыс етілді.

 Сондай-ақ 80 жасқа келіп отырған белгілі ақын «Ардагер айнасы» газетінің  бас редакторы Махмұтбай Әміреұлына марапаттаулар мен сый-сияпат жасалды

Облыстық ардагерлер Кеңесінің кезекті алқа мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Ыдырыс Тәжіұлы,

«Сыр бойы»