Тәуелсіздік күні мен ардагерлер қозғалысының 35 жылдығына орай облыс ардагерлері арасында шахмат пен дойбыдан спорттық жарыс өтті. Облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған жарысқа әр ауданнан 3 ардагерден, салалық ардагерлер кеңестерінің өкілдері мен Қызылорда қаласынан барлығы 50 ардагер қатысты.
Ережеге сәйкес 63+ жастағы ерлер шахматтан, 61+ жастағы әйелдер дойбыдан жарысқа түсті. Команда мүшелерінің жекелей ұпайларының қосындысы командалық нәтиже болып есепке алынды. Шахматтан жарысқа облыстың аға жаттықтырушысы Риза Қошқарова төрелік етсе, дойбыға ардагер ұстаз Роман Огай қазылық жасады.
Жарыс қорытындысында командалық есепте І орынды Шиелі ауданының командасы иеленсе, жүлделі ІІ-ІІІ орындарды Қазалы және Жалағаш аудандарының командалары бөлісті. Шахматтан жекелей біріншілікте І орынды қызылордалық Ю.Лигай, дойбыдан І орынды Шиелі ауданынан Б.Ағыбаева иеленді.
Жекелей біріншіліктің жүлдегерлері ақшалай сыйлықтармен және арнайы дипломмен марапатталды. Жарысқа қатысқан ардагерлерге ынталандыру сыйлықтары мен Алғыс хаттар табысталды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<