Облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті ІV пленумы болып өтті. Онда Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру бағытында аймақтағы ардагерлер ұйымдарының атқарған жұмыстары талқыланып, таразыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.
Пленумда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев баяндама жасап, аталған мақала тәуелсіз еліміздің тұтас тарихын тереңнен танып-білуге, сол секілді, жас ұрпақ алдында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға байыпты бағдар болғанын атап өтті.
– Кез келген халықтың өзінің тегіне зер салып, өткеніне үңілуі, қоршаған ортасына ықпалы мен қоғамның дамуына қосқан үлесін ой таразысымен безбендеуі заңды құбылыс. Осы орайда облыс әкімінің бастамасымен Сыр өңірінің сыршыл тарихын бүгінгі уақыт тұрғысынан қайта қарап, көне дәуір мұраларын жаңартып, жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айталық, ежелгі Қыпшақ, Ақорда, Көкорда, Қазақ хандықтары салтанат құрған Сығанақ қаласы және сол дәуірдегі өзге де қалалар тарихын терең зерттеуге көңіл бөлініп отыр. Одан бөлек, “Қорқыт ата” мемориалдық кешені, іргесіндегі “Байқоңыр” ғарыш айлағымен бірге туристерді қызықтыратын тамаша нысанға айналған,–деп атап өтті С.Дүйсенбаев баяндамасында. Сондай-ақ, кеңес төрағасы аймақтың ардагерлер қауымын елдегі жүргізіліп жатқан өмірлік мәні бар мемлекеттік және қоғамдық шаралардың барлығына белсене араласып, өз кезегінде үн қосып отыруға шақырды.
Осы тақырып аясында Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайрулла Әбенұлы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Айтжан Оразбақов, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова, облыстық “Рухани жаңғыру” орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас пікірлерін білдірді. Кеңестің алқа мүшесі Қаһарман Табынбаев қарттардың әлеуметтік, тұрмыстық қажеттіліктері мен денсаулық жағдайына қатысты ойын ортаға салды.
Бұдан соң кеңестің ұйымдастыру мәселелері қаралып, онда ардагерлер алқасының құрамына өзгерістер енгізіліп, бірқатар пленум мүшелері қайта сайланды. Сонымен қатар, қоғамдық өмірде көш басында жүріп, елдің бірлігі мен берекесін арттыруға белсенді атсалысқан бірқатар ардагерлер республикалық ардагерлер кеңесінің марапатын және “Қызылорда облысының құрметті ардагері” төсбелгісін иеленді.
Жиынның қорытынды сәтінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы сөз алып, қазақ халқының арғы-бергі тарихында елдің ынтымағын ұйытып, тұрмыс салтына сай тәрбие тінін сабақтауда абыз ақсақалдар мен қазыналы қариялардың ерекше орны екенін атап өтті. Осы орайда аймақ тарихының қалыптасуына, әлеуметтік-экономикалық дамуына қажырлы еңбек етіп, күні бүгінге дейін жас ұрпақ алдындағы жауапты міндеттерін абыроймен атқарып келе жатқан аға буын өкілдеріне құрметін білдірді.
Сонымен бірге, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында облыс көлемінде көптеген келелі жұмыстар жүзеге асырылғанына тоқталды. Айталық, аймақта республикада алғашқы болып облыстық “Рухани жаңғыру” орталығы құрылды. Сондай-ақ, бұл орталық бұрынғы Қазақ орталық атқару комитеті ғимаратының сызбасы бойынша салынған тарихи ғимаратқа орналасты. Бүгінгі таңда аталған орталық ел тарихын зерттеп-зерделеуде кешенді жоспарды қолға алған.
Руслан Рүстемұлы өткен жылы ЮНЕСКОНЫҢ материалдық емес құндылықтар тізіміне Қорқыт мұраларының енгізілуі тек аймақ үшін емес, ел тарихын жаңғыртудағы еселі еңбектің үлгісі екенін атап өтті. Сол сияқты, алдағы уақытта облыс әкімінің бастамасымен дәстүрлі өнер академиясын ашу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. Осынау маңызды бастамаларды іске асыруда аға буын ардагерлердің әрдайым көш басынан табылатынына сенім білдірді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті ІV пленумында ардагерлер алдағы саяси науқан – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешімді қолдап, саяси шараға аймақ тұрғындарын белсенді қатысуға шақырып, Үндеу қабылдады.
Ғазиза ӘБІЛДА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<