Ардагерлер ұлықталды

820

0

«Іңкәр сезім, жылы жүрек, үлкенге құрмет». Бұл бүгінгі «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің ардагерлерге деген ұстанымының бір парасы. Күні кеше қаламыздағы Достық үйінде «Халықаралық қарттар күніне» орай, корпорацияның құрылуына еселі үлес қосқан, халқы үшін жасаған игілікті істері мәуелі баққа айналған зейнеттегі арда, асыл қарттарымызды ұлықтай алдық.

Тәжірибесімен қатар тәрбиесін терең сіңіре білген ардагерлерімізді әрдайым төрімізге оздыру, парасатты парызымызға, міндетті абыройымызға айналған. Аға ұрпақтың еңбегі қашанда ел алдында еңселі.

Кездесуде шаңырақтарының шаттығына айналған ардагерлеріміздің қуанышына ортақтасып, риясыз көңілмен би билеп, шат-шадыман күй кештік. Текті тіршілігіміздің темірқазығына айналған асыл жандарымызға деген ерекше құрметпен корпорация басшылығы алғыс хаттар мен сый-сияпаттар жасап, толайым тілектер тасқынымен марқайған көңілді жібек орамалдай желпи білдік.

Төл тарихымызға зер сала қарасақ, қай кезеңде де қазыналы қариялар мен абзал ардагерлер елді бірлік пен адал еңбекке жетелеп отырған. Ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүрлерін өмір мектебі ретінде одан әрі дамытып, келер ұрпақтың кемел деңгейге жетуіне атсалысқан. Сондықтан ардагерлерге деген құрметіміз жылдан-жылға еселене бермек.

«Қариясы бардың – қазынасы бар» деп, ізет-ибаны ұрпақтан ұрпаққа жалғап келе жатқан үлкендеріміздің ақ батасын алып, алдағы күндеріне сәттілік тіледік.

Мерекелік бас қосуда сөз алған филиал жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Болатбек Пұсырманов ардагерлерін құрметтеген филиал ұжымына ризашылығын білдірді. Жиын одан әрі концерттік бағдарламамен ұласып, естелік суретке түсумен қорытындыланды.

Гүлназ Бадрақова,

фронт офистерді үйлестіру басқарма басшысы/ кәсіподақ төрайымы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<