Тәуелсіздік күні қарсаңында халқына қалтқысыз қызмет етіп, ерен еңбектерімен қалың жұртының ризашылығына бөленген қариялар мен тағдырдан теперіш көріп, тән мен жан дертінің тауқыметін тартқан қамкөңіл азаматтарға шын пейілден ықылас танытып, қошемет білдіру назардан тыс қалмады.
Осындай мерейлі мақсатты көздеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, орынбасары Күләй Ермағамбетова бастаған топ Қызылорда қаласының тұрғындары Серік Бәкішов пен Амангелді Әбзалиевтің отбасыларына арнайы барып, ұлтымыздың ұлық мерекесімен құттықтап, Алғыс хат пен сый-сияпат табыстады. Олардың алғашқысы заң, сот органдарында қарымды қызметімен танылған, екіншісі қала басшысы болған, өңірімізді мұнай өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету жолында жемісті жұмыс жасаған ардагер.
Сондай-ақ облыстық ішкі істер департаменті жанындағы ардагерлер ұйымының төрағасы Серікбол Тұңғышбаевтың ұйымдастыруымен Тасбөгет кентінде полицияның отставкадағы полковниктері 84 жастағы Төлеш Әлиев және Арыстан Ашировтың жанұяларында болып, қарттарды мерекелерімен құттықтап, құрмет көрсетілді.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік күні қарсаңында өмірлік дамуымыздың алғы сапында жүрген еңбек майталмандарына, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға да ерекше ілтипат жасап, атақ беріп марапаттағаны баршамыз үшін де өнеге. Біз қоғамымыздың алтын қоры болып табылатын азаматтарымызға, әсіресе, заманында елі үшін жан аямай қызмет қылып, қазірде жастардың ақылшысы болып отырған ақсақалдарымыз бен тіршіліктен теперіш көрген кемтар кісілерге қамқорлығымызды ұдайы жалғастыра беретін боламыз, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев.
Қуаныш Мәдібекұлы.
Қызылорда қаласы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<